Иран Қазақстанның ауыл шаруашылығына миллиондаған инвестиция құяды

Жалпы инвестиция көлемі 120 млн АҚШ долларын құрайды.

 ©BAQ.KZ архиві Бүгiн 2026, 14:11
Бүгiн 2026, 14:11
90
Фото: ©BAQ.KZ архиві

Қазақстанда ирандық инвесторлар 120 млн долларлық екі агрожобаны іске асырады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Қазақстанда агроөнеркәсіптік кешенге шетелдік инвестиция тарту аясында ирандық Golrang Industrial Group компаниясымен екі ірі жобаны жүзеге асыру туралы келісім жасалды. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрлігі хабарлады.

Келісім Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ермек Кенжеханұлы мен компания басшысы Фазли Мехди Мохаммадкарим арасында өткен кездесуде рәсімделді.

Жалпы инвестиция көлемі 120 млн АҚШ долларын құрайды.

Алғашқы жоба бойынша Қазақстанда тәулігіне 3 мың тоннаға дейін күнбағыс өңдейтін заманауи май зауыты салынбақ.

Бұл бағытқа шамамен 70 млн доллар инвестиция тарту жоспарланып отыр. Мұндай өндіріс іске қосылса, еліміз тек шикізат сатумен шектелмей, оны терең өңдеп, дайын өнім ретінде шығару мүмкіндігін арттырады. Яғни, табыс та, қосылған құн да өседі, - дейді министрлік.

Ал екінші жоба – 50 млн долларлық жұмыртқа бағытындағы құс фабрикасы.

Бұл өндіріс ішкі нарықты тұрақты әрі сапалы өніммен қамтуға көмектесіп, құс шаруашылығын дамытуға серпін береді, - деп жазады ведомство.

Жалпы, бұл жобалар кездейсоқ емес. Соңғы жылдары Қазақстан мен Иран арасындағы экономикалық байланыс күшейіп келеді. Мәселен, 2025 жылы агроөнеркәсіп саласындағы тауар айналымы 55,8%-ға өсіп, 341 млн доллардан асты. Әсіресе бидай мен арпа экспорты айтарлықтай көбейіп, екі есеге жуық артқан.

Тараптардың айтуынша, мұндай бірлескен өндірістер тек инвестиция ғана емес. Бұл – жаңа технология, жаңа мүмкіндік және өңдеу саласын дамытуға нақты қадам. Ең бастысы, Қазақстанның аграрлық секторын келесі деңгейге көтеруге жол ашады.

Наверх