Иран АҚШ-пен ядролық келісімге қол қоюға дайын екенін мәлімдеді. Бұл туралы Иранның Жоғарғы көшбасшысының саяси мәселелер жөніндегі кеңесшісі Әли Шамхани NBC арнасына берген сұхбатында айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Оның айтуынша, егер АҚШ Иранға қарсы барлық экономикалық санкцияларды дереу жоятын болса, Тегеран келісімге келуге дайын. Бұған жауап ретінде Иран жоғары байытылған (яғни, ядролық қару жасауға жарамды) уран қорларынан толықтай бас тартып, уранды тек бейбіт мақсатта қолдануға қажетті төмен деңгейде байытуға келіспек.
Шамханидің мәлімдеуінше, Иран халықаралық инспекторларға уран байыту процесін бақылауға мүмкіндік беруге дайын.
NBC сұхбатында "Иран бүгін келісімге қол қоюға дайын ба?" деген сұраққа Шамхани "егер жоғарыда айтылған шарттар орындалса – иә" деп жауап берді.