Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов жоғары базалық мөлшерлеме кезеңінде ипотекалық несие алуға асықпаған жөн екенін айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Ұлттық банкте өткен брифингте журналист «2025 жылдың соңына дейін базалық мөлшерлеме 16,5 пайыз деңгейінде болғанда, екінші деңгейлі банктердегі ипотека мөлшерлемесі 21-22 пайызға дейін жетті. Мұндай жағдайда азаматтарға тұрғын үй сатып алу бойынша қандай кеңес берер едіңіз? Қазір алу керек пе, әлде күткен дұрыс па?» деген сұрағына Ұлттық банк төрағасы қаржыгер ретінде жауап берді.
Оның айтуынша, жоғары базалық мөлшерлеме кезеңінде несие мен ипотека алуды уақытша кейінге қалдырған дұрыс.
Қаржыгер ретінде айтсам, жоғары базалық мөлшерлеме кезеңінде кішкене тұра тұру қажет. Яғни кредит пен ипотека алмай, күту керек. Инфляция төмендеген сайын, базалық мөлшерлеме де азаяды. Соған сәйкес нарықтағы банктердің пайыздық мөлшерлемесі төмендейді. Кейін болашаққа сеніммен қарап, ипотека алуға болады. Қазір кішкене күту қажет, – дейді Тимур Сүлейменов.
Бұған дейін Қазақстанда ипотека бойынша маңызды талап уақытша тоқтатылғаны хабарланған болатын.
Белгілі болғандай, Қазақстанда «Қазақстан Республикасындағы тұрғын үй құрылыс жинақтары туралы» заңға өзгерістер енгізіліп, тұрғын үй құрылыс жинақтары жүйесіне тек «Отбасы банкі» ғана емес, екінші деңгейлі өзге банктердің де қатысуына мүмкіндік берілді.