Иорданияның әуе компаниясы Қазақстанға рейс ашуға ниетті

Қазақстан мен Иордания азаматтық авиация саласындағы Меморандумға қол қойды.

 Азаматтық авиация комитеті 22 Қараша 2026, 21:48
22 Қараша 2026, 21:48
119
Фото: Азаматтық авиация комитеті
 
ИКАО-ның Әуе көлігі жөніндегі жетінші дүниежүзілік конференциясы аясында ҚР Көлік министрлігі Азаматтық авиация комитетінің төрағасы Салтанат Томпиеваның Иордания Азаматтық авиацияны реттеу комиссиясы Комиссарлар кеңесінің төрағасы капитан Дейфалла Фараджатпен екіжақты кездесуі өтті.

Кездесу барысында тараптар Қазақстан мен Иордания арасындағы тұрақты әуе қатынасын кеңейтуге ерекше назар аудара отырып, азаматтық авиация саласындағы ынтымақтастықты дамыту перспективаларын талқылады.

Иордания тарапы "Royal Jordanian" ұлттық әуе тасымалдаушысының Қазақстанға тұрақты рейстер ашуға мүдделі екенін жеткізді. Сонымен қатар Иордания азаматтары тарапынан Қазақстанға туристік бағыт ретінде қызығушылықтың артып келе жатқаны атап өтілді, бұл екі ел арасындағы туристік және іскерлік байланыстарды одан әрі дамытуға қосымша мүмкіндіктер ашады, – деп жазылған хабарламада.

Келіссөздер қорытындысы бойынша екі елдің авиациялық билік органдары тұрақты әуе рейстерін орындауды көздейтін Өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды. Қол жеткізілген уағдаластықтарға сәйкес, әр тарапқа аптасына 14 рейске дейін орындау мүмкіндігі беріледі.

Кездесу соңында тараптар әріптестікті одан әрі дамытуға өзара мүдделіліктерін растап, әуе қатынасын кеңейту және азаматтық авиация саласындағы ынтымақтастықты нығайту мәселелері бойынша өзара іс-қимылды жалғастыруға уағдаласты.

Наверх