Иорданияда шіркеуге шабуыл жасаған үш лаңкес өлім жазасына кесілді

Оқиғадан кейін шабуыл жасағандар қашып кеткенімен, кейін Иорданияның қауіпсіздік күштері оларды ұстаған.

 petra.gov.jo 16 Қараша 2026, 05:18
16 Қараша 2026, 05:18
66
Фото: petra.gov.jo

Иорданияның Мемлекеттік қауіпсіздік соты 23 қазанда Эль-Карак провинциясындағы православие шіркеуінде теракт жасаған үш адамды өлім жазасына кесті. Бұл туралы Petra ақпарат агенттігі хабарлады.

Сот айыпталушыларды адам өліміне әкеп соққан террористік әрекеттердің тоғыз эпизоды бойынша кінәлі деп таныды. Сондай-ақ олар қару-жарақ пен оқ-дәрі қолданып шабуыл жасағаны, қарулы әрекеттерге барғаны және террористік топтың идеологиясын насихаттағаны үшін сотталды. Сотталғандардың бірі террорлық әрекеттерді қаржыландыруға қаражат бөлгені үшін де кінәлі деп танылды.

Тергеу мәліметінше, 23 қазанда Эль-Карак провинциясының Хаммуд ауданындағы Әулие Георгий православие шіркеуінде үш адам оқ жаудырған. Шабуыл жерлеу рәсімі кезінде болған. Салдарынан тоғыз адам қаза тауып, тағы 34 адам жараланған.

Оқиғадан кейін шабуыл жасағандар қашып кеткенімен, кейін Иорданияның қауіпсіздік күштері оларды ұстаған.

Үкімге шағым түсіруге болады. Заңнамаға сәйкес, шешім кез келген жағдайда Иорданияның Кассациялық сотында қаралуға тиіс.

Наверх