Инвесторларға студенттер жатақханаларының құрылысына тиімді инвестициялау мүмкіндіктері ескертілді

31 Қаңтар 2022, 10:55
1013
Бөлісу:
Инвесторларға студенттер жатақханаларының құрылысына тиімді инвестициялау мүмкіндіктері ескертілді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Жатақханадағы орын тапшылығы мәселесі барлық өңірлер үшін өзекті. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, республика бойынша жатақханаға мұқтаж студенттердің саны 62 мыңнан асады.

Жатақханаға негізгі қажеттілік Алматыда – 22 мың орын және Нұр-Сұлтанда – 17 мың орын. Бұл туралы Білім және ғылым министрлігі «Қаржы орталығы» АҚ баспасөз қызметі хабарлады.  

Былтырдан бері мектеп бітірушілер санының айтарлықтай өскені байқалады. Мәселен, 2021 жылы 163 мыңнан астам мектеп бітірсе, 2025 жылға қарай бұл көрсеткіш 302 мыңға жетуі мүмкін.

Бұл мәселені шешу үшін әрбір заңды тұлға (мемлекеттік мекемелерді қоспағанда) студенттерге арналған жатақхана салып, кіріс ала алатын механизм әзірленді.

Мәселен, жобаға қатысуға ниет білдірген құрылыс салушы өз қаражатына жатақхана салып, пайдалануға берілгеннен кейін 8 жыл ішінде әр орынға мемлекеттен төлем алады. Мемлекеттік тапсырыс бойынша төлемдерден бөлек, инвестордың өзі әрбір студенттен тұру үшін орташа есеппен 15-20 мың теңге төлем ала алады (құны өз бетінше анықталады), - делінген хабарламада.

Сондай-ақ инвесторға «Қарапайым заттар экономикасы» және «Бизнестің жол картасы 2020-2025» («Даму» қоры) аясында 9%-ға дейінгі банктік несиені субсидиялау және дайын жобалық-сметалық құжаттаманы ұсыну қарастырылған (стандартты және жеке жобалар).   

Сонымен қатар инвестор коммерциялық кеңістіктен қосымша табыс ала алады, яғни жатақхана базасында асханалар, шаштараздар және басқа да тұрмыстық нысандар ашылуы мүмкін.

Жобаға қатысу мүмкіндіктері мен талаптары туралы толық ақпаратты 8 800 080 28 28 телефоны арқылы алуға болады.

Өзгелердің жаңалығы