Бүгін Бас Прокурор Берік Асыловтың бұйрығымен құрылған Инвесторлардың құқықтарын қорғау жөніндегі сарапшылық кеңестің алғашқы отырысы өтті.
Аталған іс-шара мемлекеттік органдарды, отандық және шетелдік ірі бизнесті, еліміздің жетекші заңгерлері мен экономистерін біріктірген тұрақты жұмыс істейтін беделді диалог алаңының іске қосылғанын білдіреді.
Кеңес жұмысына Бас Прокурордың бірінші орынбасары Жандос Өмірәлиев, Инвесторлардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Бауыржан Ералы, мемлекеттік органдардың, «Астана» халықаралық қаржы орталығының, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының, «Бәйтерек» ұлттық инвестициялық холдингі» АҚ-ның, бизнес пен сарапшылар қауымдастығының өкілдері қатысты.
Отырысты ашқан Берік Асылов қатысушыларды Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының күшіне енуімен құттықтап, онда айқындалған «Әділетті Қазақстан» және «Заң мен Тәртіп» қағидаттарының бүкіл мемлекеттік жүйенің басты бағдарына айналғанын атап өтті.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмаларын (2025 жылғы 17 желтоқсандағы Жарлық) іске асыру аясында Инвестициялық омбудсменніңөкілеттіктері берілген Бас Прокурор қатысушыларға бизнесті қорғаудың кешенді жүйесін таныстырды.
Мұнда прокурорлар инвесторлар заңмен және мемлекетпен өзара іс-қимыл жасайтын барлық кезеңде қадағалауды қамтамасыз етеді.
Бүгінде мемлекеттер арасындағы бәсекелестік ресурстар үшін емес, сенім үшін жүріп жатыр. Біз заңды Қазақстанның бәсекелестік артықшылығына айналдыруға міндеттіміз. Ол үшін үстірт өзгерістер емес, мемлекет пен бизнес арасындағы өзара қарым-қатынасты жүйелі түрде жетілдіру қажет, – деді Берік Асылов.
Қазіргі уақытта прокуратураның сүйемелдеуімен жалпы инвестиция көлемі 112 триллион теңгені құрайтын 3,3 мың инвестициялық жоба жүзеге асырылуда.
Бүгінгі күні үш мыңнан астам инвестордың құқықтары қорғалып, 30 мың жаңа жұмыс орнын құруды көздейтін 270-тен астам инвестициялық жобаның іске асырылуы қамтамасыз етілді.
Сонымен қатар әкімшілік қысымды жүйелі түрде төмендету жұмыстары жүргізілуде.
Кәсіпкерлер мен мемлекеттік органдар арасындағы сот дауларының саны шамамен 40%-ға қысқарды, бизнесті әкімшілік жауаптылыққа тарту жағдайлары 16%-ға азайды, сондай-ақ кәсіпкерлерді қылмыстық қудалауды төмендету үрдісі сақталуда. Тек жыл басынан бері прокуратура инвесторлардың құқықтарын бұзуы мүмкін мемлекеттік органдардың 800-ден астам шешімін келісуден бас тартты.
Бас Прокурор бизнесті қорғаудың мемлекеттік кепілдіктерін едәуір күшейткен заңнамалық өзгерістерге ерекше тоқталды.
Енді инвесторлардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша прокурорлық қадағалау актілері, оның ішінде нұсқама нысанындағы актілер мемлекеттік және квазимемлекеттік ұйымдар үшін міндетті болып табылады. Бұдан бөлек, Бас Прокурорға еліміздің барлық өңірінде инвестициялық жобаларды прокурорлық сүйемелдеудің бірыңғай тәртібін айқындау өкілеттігі берілді.
Бұл «өңірлік әркелікті» болдырмай, Қазақстанның кез келген өңірінде инвесторлардың құқықтарын қорғаудың бірыңғай әрі қатаң стандарттарын қамтамасыз етеді.
Кеңес отырысында әкімшілік кедергілердіңдәстүрлі түрде бастамашылдықты тежейтін құрылыс саласын одан әрі жетілдіруге бағытталған шешімдер әзірленді.
Бас Прокурор сарапшылардың шамадан тыс жүктемесіне байланысты мәселелерге тоқталды. Соның салдарынан олар мыңдаған беттен тұратын сызбалар мен сметаларды айлар бойы қолмен зерделеуге мәжбүр болып, осы уақытта бизнес жұмысы тұралап қалады. Жасанды интеллект олардың заңнама мен мемлекеттік стандарттардың талаптарына сәйкестігін жедел талдауды қамтамасыз етуі тиіс.
Бұл бастамалар Мемлекет басшысының цифрландыру мен жасанды интеллектті дамыту жөніндегі стратегиялық тапсырмаларымен толық үндеседі.
Жобаларға сараптама жүргізу кезінде «ескертулердің толық тізбесін» енгізу және мерзімдерін қысқарту жөніндегі шаралар қолдау тапты.
Ұсынылып отырған шаралар құрылыс саласын «қағазбастылықтан» арылтып, ашық жүйеге айналдыруға тиіс, – деді Бас Прокурор.
Күн тәртібіндегі екінші мәселе инвестициялар саласындағы мемлекеттік органдар қызметінің тиімділігін бағалау (KPI) жүйесін қайта қарау қажеттігі болды.
Қатысушылар формалды көрсеткіштерден нақты экономикалық нәтижелерге – жаңа өндірістер мен жұмыс орындарын құруға, экспортты дамытуға, импортты алмастыруға және инвестициялық жобаларды табысты іске асыруға негізделген бағалау жүйесіне көшуді қолдады.
Отырысты қорытындылаған Берік Асылов Сарапшылық кеңес кесте бойынша ғана жиналатын формалды орган болмайтынын атап өтті. Оның айтуынша, Кеңес бизнестің сұранысы бойынша жедел жиналып, салааралық жүйелі кедергілерді тиімді шешуге қабілетті серпінді институтқа айналады.