Инвесторлар Қазақстанның ұлттық парктерінде экотуризмді дамытуға мүдделі

25 Ақпан 2021, 18:40
1365
Бөлісу:
Инвесторлар Қазақстанның ұлттық парктерінде экотуризмді дамытуға мүдделі

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ.  Келесі аптада әлеуетті инвесторлардан жекелеген ұлттық парктер учаскелерін ұзақ мерзімді пайдалануға рұқсат алуға және оларда туристік және рекреациялық мақсаттағы объектілер салуға арналған тендерлерге қатысуға өтінімдер беру мерзімі аяқталады.

Бұл бағдарламаға "Алтын емел", "Көлсай көлдері" және "Шарын" мемлекеттік ұлттық табиғи парктері қатысады. Бүгінгі таңда тендерлерге қатысуға 7 әлеуетті инвестор өтінім берді.

Қазақстанның ерекше қорғалатын табиғи аумақтарында туризмнің дамуын тежейтін негізгі факторлар туристік және рекреациялық қызметті дамыту жөніндегі іс-шараларды қаржыландырудың жеткіліксіздігі, туризм объектілеріне инфрақұрылымның әлсіздігі, туризм объектілерінің маусымдылығы, білікті персоналдың болмауы болып табылады.

Осы саладағы көрсетілген және басқа да бірқатар проблемаларды шешу мақсатында 2019 жылы Қазақстан Республикасында туристік саланы дамытудың 2019-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы қабылданды. Бұл ретте мемлекеттік бағдарламаны іске асырудың бастапқы кезеңіндегі мемлекеттің белсенді рөлі сала субъектілерін одан әрі дамыту және бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін қажетті қолдауды қамтамасыз етуге тиіс.

Мемлекеттік бағдарламаның басым бағыттарының бірі Алматы өңірінің тау кластері болып табылады. Оның құрамына 4 ұлттық парктің ("Алтын Емел", "Шарын", "Көлсай көлдері" және "Іле Алатауы") аумақтары енгізілген. Кластердің әлеуеті жылына 2,5 млн. турист қабылдауға жетеді (ағымдағы ағын - 500 мың).

Аталған ұлттық парктер үшін ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Экологиялық туризмді дамыту тұжырымдамасының әзірледі. Онда дамыған шет елдердің тәжірибесі ескерілді.

Сонымен қатар, қабылданатын шешімдердің ашықтығын қамтамасыз ету үшін ұлттық парктерде Қоғамдық кеңестер құрылды.

Іле-Алатау МҰТП аумағында инвесторға учаскелер беруден алғашқы оң нәтижелер бар екенін атап өту қажет. Осы жоба аясында визит-орталық салынып, өзен арқылы өтетін көпір мен Аюсай шатқалының айналма жолдары жабдықталды, қатты-тұрмыстық қалдықтарды бөлек жинауды енгізу бойынша жұмыстар жүргізілді.

Жоғарыда көрсетілген тендерлердің шарттарына сәйкес, әлеуетті инвесторлар ұлттық парктерде визит-орталықтар салуы тиіс. Туризмді дамыту бойынша нысандар қатарында эко-отель, глэмпинг, кэмпинг, "қазақ ауылы" және т.б. бар.

Өз тарапынан туристік және рекреациялық қызметті жүзеге асыратын инвесторларды тарту үшін Экология министрлігі жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп ұлттық парктерде инфрақұрылым объектілерін (ЭБЖ, жолдар, көпірлер және т.б.) салу жоспарлауда. Бұл жұмыс Алматы тау кластерінің 4 ұлттық табиғи паркінде басталды.

Сондай-ақ, қалған 8 ұлттық паркте экотуризмді дамыту тұжырымдамасын әзірлеу және бекіту, онда экотуризмді дамыту жөніндегі қоғамдық кеңестер құру жөніндегі жұмыс жалғастырылатын болады.
Өзгелердің жаңалығы