Интернет-алаяқтар бір жылда 16,4 миллиард теңге ұрлаған 

 ©BAQ.KZ/Жанерке Жәкен 10 Қыркүйек 2026, 11:33
10 Қыркүйек 2026, 11:33
87
Фото: ©BAQ.KZ/Жанерке Жәкен

Астанада өткен «Cyber Steppe 2026» конференциясы барысында еліміздегі киберқылмыстың нақты статистикасы мен алаяқтардың жаңа әдістері жарияланды. Іс-шарада қазақстандықтар ең көп ұшырайтын өзекті қауіптер көрсетіліп, олардан қорғану жолдары таныстырылды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

ҚР ІІМ деректері бойынша, елімізде интернет-алаяқтық пен киберқылмыс көрсеткіші айтарлықтай алаңдатарлық деңгейде қалып отыр. Бір жылдың өзінде азаматтарға келтірілген нақты залал көлемі 16,4 миллиард теңгені құраған. Осы кезең ішінде интернет-алаяқтық фактілері бойынша шамамен 20 000 қылмыстық іс қозғалған.

Сонымен қатар, цифрлық қауіпсіздікті күшейту мақсатында 2022 жылдан бері азаматтарға бағытталған 159,3 миллионнан астам алаяқтық қоңыраулардың жолы кесіліп, сәтті бұғатталған. 

Сарапшылар бұл көрсеткіштердің тек полицияға ресми түрде арызданғандардың дерегі екенін, ал шынайы зардап шеккендер саны бұдан да көп екенін атап өтті.

«MSSP.Global» компаниясының киберқауіпсіздік маманы, «CitizenSec» жобасының жетекшісі Гүлдана Жұматайдың айтуынша, батыстың қорғаныс құралдары мен симуляторлары шетелдің шындығына негізделгендіктен, біздің елдегі жергілікті мәселелерді толық ескере бермейді.

Осыған байланысты отандық мамандар Қазақстанда ең жиі кездесетін басты алаяқтық схемалар анықтады. Ең жиі кездесетін тәсілдер мыналар:

1. «Банктің қауіпсіздік қызметінен» түсетін қоңыраулар (SMS-кодтарды сұрау);
2. Әртүрлі маркетплейстердегі жалған «қауіпсіз мәмілелер»;
3. Telegram-аккаунтты бұғаттау немесе жою қаупі төніп тұр деген жалған хабарламалар;
4. Қорғаныс орнатамыз деген сылтаумен AnyDesk арқылы құрылғыға қашықтан қолжетімділік алу;
5. «Қазпошта» атынан сәлемдеменің кешігуі туралы келетін жалған хабарламалар.

Маманның айтуынша, дәл осындай ішкі қылмыстық әдістерге қарсы тұру үшін «CitizenSec» жобасы әзірленген.

Бұл тренажер халыққа алаяқтардың негізі тәсілдерін қарапайым тілде түсіндіріп, айла-шарғыларын ерте тануға және күнделікті өмірде кибергигиена ережелерін қатаң сақтауды үйретуге бағытталған, - деді ол.

Еске салсақ, бүгін Астанадағы Alem.ai халықаралық жасанды интеллект орталығында елдің киберқауіпсіздік саласындағы басты оқиғаларының бірі – ауқымды «Cyber Step 2026» конференциясы өз жұмысын бастады.

Наверх