Астанада «Cyber Step 2026» конференциясы өтіп жатыр

 ©BAQ.KZ/Жанерке Жәкен 10 Қыркүйек 2026, 10:54
10 Қыркүйек 2026, 10:54
74
Фото: ©BAQ.KZ/Жанерке Жәкен

Бүгін Астанадағы Alem.ai халықаралық жасанды интеллект орталығында елдің киберқауіпсіздік саласындағы басты оқиғаларының бірі – ауқымды «Cyber Step 2026» конференциясы өз жұмысын бастады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Екі күнге жоспарланған жиын мемлекеттік органдар, бизнес өкілдері мен қарапайым халықты бір алаңға жинап, цифрлық дәуірдегі негізгі қатерлер мен олардан қорғану жолдарын талқылауға арналған.

Конференция барысында елімізде ресми түрде басталған Киберқауіпсіздік айлығы аясында мемлекеттік деңгейдегі қорғаныс жүйелері мен халықтың цифрлық сауаттылығы өзекті мәселе ретінде көтерілді.

Мемлекеттік сатып алулардағы ақпараттық қауіпсіздік

Шараның алғашқы күні мемлекеттік сатып алуларға ақпараттық қауіпсіздік құралдарын енгізу мәселелеріне арналды.

Шара ұйымдастырушыларының бірі – «MSA Global» компаниясы бас директорының орынбасары Жаслан Кебекпаевтың айтуынша, елімізде барлық сала қарқынды цифрландырылып жатқандықтан, қауіпсіздік талаптары да соған сай күшейтілуі тиіс.

Бүгін біз мемлекеттік органдармен, түрлі министрліктермен қалай қорғану керектігін талқылап жатырмыз. Өйткені мемлекеттік сатып алулар процесінде кейде ақпаратты қорғау құралдарын сатып алуға байланысты белгілі бір қиындықтар мен міндеттемелер туындайды. Сондықтан нормативтік-құқықтық актілерге қажетті түзетулер енгізу мәселесі де қарастырылуда, – деді Жаслан Кебекпаев.

Сондай-ақ жиында қоғамда жиі талқыланатын «электрондық үкімет базасындағы деректер тарап кетті» деген ақпараттардың шындыққа жанаспайтыны айтылды.

Сарапшының пікірінше, таралып жатқан мәліметтердің көбі сыртқы ортадағы маркетплейстер мен басқа да платформаларды бұзу арқылы қолға түскен ескі базалар. Ал мемлекеттік жүйелер тиісті деңгейде қорғалған.

Киберқауіпсіздік әр азаматтан басталады

Конференцияның басты ерекшелігі – мәселені тек техникалық шешімдермен шектемей, әрбір азаматтың өзінің кибергигиенасын қалыптастыру қажеттігіне баса назар аударылуы.

«MSSP.Global» компаниясының киберқауіпсіздік маманы, «CitizenSec» жобасының жетекшісі Гүлдана Жұматайдың айтуынша, қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру әр адамның өзінен және отбасынан басталуы тиіс.

Жалпы, «Cyber Step» конференциясы – мемлекет, бизнес және халықты біріктіретін шара. Біздің ең бірінші мақсатымыз – киберқауіпсіздік мәселелерін бір алаңда талқылау. Бұл идеяны тек технологияларға жүктемей, әр адам өз білімін арттыруы тиіс деген қағидатқа негіздейміз. Егер әрбір азамат интернеттегі қауіпсіздік ережелерін сақтап, алаяқтардың айла-шарғыларын білетін болса, көптеген қылмыстың алдын алуға болады, – деді Гүлдана Жұматай.

Маманның пікірінше, бүгінде ең қауіпті үрдістердің бірі – жасанды интеллект көмегімен жасалатын дипфейктер мен әлеуметтік инженерия әдістері. Алаяқтар азаматтардың жақындарының атынан жалған хабарламалар жазып, олардың аңғалдығын пайдалануға тырысады.

«CitizenSec» жобасы қалай жұмыс істейді?

Халыққа кибергигиена ережелерін жеңіл әрі түсінікті тілде жеткізу үшін арнайы әлеуметтік жобалар қолға алынған.

Қазіргі таңда «CitizenSec» жобасы жұмыс істейді. Бұл – кибергигиена мен киберқауіпсіздікті халыққа қолжетімді ету мақсатында жасалған жоба. Біз қазақ және орыс тілдерінде оқыту жүргіземіз. Сонымен қатар дайындалған кибергигиена курстары Gov Mobile порталында да қолжетімді. Бұдан бөлек, арнайы журналдар мен балаларға арналған материалдар шығарылды, – деді Гүлдана Жұматай.

Қыркүйек айы ресми түрде Киберқауіпсіздік айлығы болып бекітілуіне байланысты сарапшылар тобы өңірлерді аралап, түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатыр.

Сонымен қатар еңбек нарығындағы жаңа талаптарға сәйкес әрбір жұмыс орнында қызметкерлердің кибергигиена курстарынан өтуі міндетті талапқа айналуда.

Сарапшылардың пікірінше, Қазақстан IT саласы мен киберқауіпсіздік бағытында қарқынды дамып келе жатқан жетекші елдердің қатарында. Заңнамаға тиісті терминдер мен талаптар енгізіліп жатыр.

Дегенмен басты қорғаныс – әр азаматтың цифрлық сауаттылығы мен күнделікті өмірде қарапайым кибергигиена ережелерін қатаң сақтауы.

Наверх