Инновациялық шығармашылық орталықтар ашылуда

20 Қыркүйек 2024, 18:10
363
Бөлісу:
Инновациялық шығармашылық орталықтар ашылуда
Фото: Павлодар облысы білім беру басқармасынан

Ертіс өңірінде оқушыларға арналған қосымша білім беру мекемелерінің желісі кеңейіп келеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен елімізде 2025 жылға дейін балалардың шығармашылық және зияткерлік әлеуетін арттыруға арналған 100 заманауи нысан ашылады.

Павлодар облысында «Біртұтас тәрбие» республикалық бағдарламасы шеңберінде соңғы жылдары бірнеше ғимарат жөнделіп, білім беру нысаны ретінде іске қосылды. Солардың қатарында жаңадан ашылған «Алтын сақа» орталығы бар. Заманауи мекеме 2500 баланы қамтуға шақталған.

Мамандардың айтуынша, бүгінгі күннің басты мақсаты – шағын аудандарда тұратын оқушыларды сапалы қосымша біліммен қамту.

Орталық басшысының міндетін атқарушы Саян Мұқановтың айтуынша, орталық жеткіншектердің зияткерлік және спорттық дағдыларын дамытуды көздейді.

Спорт, музыка бағытттары бар. Соңғы уақытта ата-аналар қауымы гитарада ойнауға үйрететін үйірмелер болса деген тілектерін білдірген еді. Себебі, жоғары сұранысқа ие. Ал жекеменшік музыкалық мектептерде бұл аспапта ойнауға үйрену қымбат. Бұны кез келген отбасының қалтасы көтермейді. Ал біздің орталықта бұл қызмет тегін. Облыстық бюджеттен қаражат бөлінеді. Барлығы 17 бағыттағы үйірме бар. Білікті мамандарды еңбекке тартамыз, - дейді Саян Мұқанов.

Ұлттық ойындарға деген сұраныс та жоғары. Халықтың сұрауымен садақ ату, қазақша күрес және зияткерлік ойындар бойынша үйірмелер жұмыс істейді.

Айта кетейік, елімізде 2027 жылға дейін біліларды қосымша біліммен қамту көрсеткішін 100%-ға жеткізу мақсаты тұр. Қазіргі уақыттағы көрсеткіш 81% көлемінде.

Өзгелердің жаңалығы