Инфляция 11%-ға түсті: Азық-түлік неге бәрібір қымбат? 

Ресми статистика да инфляцияның баяулағанын көрсетіп отыр.

 ©BAQ.KZ архиві/Бауыржан Жуасбаев Бүгiн 2026, 16:17
Бүгiн 2026, 16:17
144
Фото: ©BAQ.KZ архиві/Бауыржан Жуасбаев

Қазақстанда соңғы апталарда кейбір азық-түлік бағасы өспей, тіпті арзандаған. Бұл туралы Үкімет кулуарында Ұлттық экономика бірінші вице-министрі Азамат Әмрин мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Үкімет өкілі баға өсімі мәселесіне біржақты қарауға болмайтынын айтты. Оның сөзінше, қазіргі таңда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының тізімі кеңейтілген.

Иә, мұндай мәселе бар, әрине, бірақ оған жан-жақты қарау керек. Біз жалпы өсім туралы айтқанда, кейбір жайттарды ескермей жатамыз. Қазір әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының тізімін 19-дан 31-ге дейін кеңейттік. Онда нақты қандай тауарлар бақылауда болатыны айқын көрсетілген. Мұның басты мақсаты – бағаны бақылауда ұстау. Екіншіден, әр адамның тұтыну себеті әртүрлі. Мәселен, көкөністерге келсек, биыл соңғы бір айда, тіпті бірнеше аптада баға өсімі байқалмайды, яғни нөлдік деңгейде тұр. Бағалар қымбаттап жатқан жоқ. Керісінше, маусым әлі толық басталмаса да, кейбір өнімдердің бағасы төмендеп жатыр, – деді Әмрин.

Вице-министрдің айтуынша, қазіргі кезең – маусымаралық уақыт және оған арнайы шаралар қабылданған.

Сіз айтып отырған кезең – маусымаралық уақыт. Бұл кезеңге де арнайы шаралар қарастырылған. Біріншіден, көкөніс, жеміс-жидек, картоп, қырыққабат секілді өнімдердің белгілі бір көлемі алдын ала резервке қойылған. Қазір сол қорлар біртіндеп нарыққа шығарылып жатыр. Яғни дәл сұраныс артатын кезеңде осы өнімдер ұсынылып, бағаны тұрақтандыруға ықпал етеді, – дейді ол.

Сонымен қатар ресми статистика да инфляцияның баяулағанын көрсетіп отыр.

Қазіргі статистика оң динамиканы көрсетіп отыр. Инфляция деңгейі 12,9%-дан 11%-ға дейін төмендеді. Біз бағаға қатысты болжамдарды шамамен 15 жылдық ретроспективті талдау негізінде жасаймыз. Сонымен қатар өткен жылдың деректерін ескеріп, нарықтағы құбылмалылықты да қараймыз. Жалпы алғанда, өткен жылмен салыстырғанда инфляцияны 10%-дан төмен деңгейде ұстап тұру – негізгі мақсат. Меніңше, жыл соңына дейін осы межені сақтай аламыз, – дейді Азамат Әмрин.

Наверх