Қазақстанда жылдық инфляция тамыз айында 9,8%-ға дейін төмендеді. Осылайша, көрсеткіш 10%-дан төмен түсті. Бұған дейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев инфляцияны осы межеден төмендетуді тапсырған еді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Ұлттық статистика бюросының дерегінше, шілде айында инфляция 10,2% болған. Қандай тауарлар мен қызметтердің бағасы өзгергені және қай салаларда қымбатшылық әлі де жоғары болып отырғаны туралы бұған дейін жазған едік.
Мемлекет басшысы Үкіметке инфляцияны 10%-дан төмен деңгейге түсіріп, кейінгі үш жыл ішінде оны кезең-кезеңімен төмендетуді тапсырған болатын. Тамыз айының қорытындысы белгіленген меженің еңсерілгенін көрсетті. Ендігі міндет – осы нәтижені тұрақтандыру.
Дүйсенбі күні Премьер-министр қызметіне қайта тағайындалған Олжас Бектенов өз сөзінде инфляциямен күрес Үкімет жұмысының негізгі басымдықтарының бірі болып қала беретінін атап өтті.
Үкімет бірқатар шараны қазірдің өзінде қолға алды. Өңірлерде артық делдалдарды анықтау және жалға алу ақысының негізділігін тексеру мақсатында азық-түлік базарларына талдау жүргізілді. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өндірушілеріне өнімнің босату бағасын ұстап тұру шартымен электр энергиясының тарифі төмендетілді. Сондай-ақ азық-түлік тасымалына жеңілдетілген теміржол тарифі енгізілді.
Тұрақтандыру қорларының жұмысы да қайта қаралды. Енді олардың тиімділігі сатып алынған өнім көлемімен емес, әр өңірдегі бағаға нақты әсерімен бағаланады.
Жағдайға саяси шолушы Ғазиз Әбішев пікір білдірді.
Шын мәнінде, бірнеше жыл бойы сақталған жоғары инфляциялық қысымнан кейін баға өсімінің аз да болса баяулауы – жақсы белгі. Алайда бұл үрдісті сақтап қалу мүмкін бола ма – үлкен сұрақ. Өйткені халықаралық ахуал тұрақсыз, шикізат нарықтарындағы құбылмалылық жалғасып жатыр, санкциялық текетірес пен соғыстар мемлекеттік шығындардың өсуіне және қарулану жарысының күшеюіне алып келуде, – дейді ол.
Алдағы уақытта Үкіметке бір мезетте инфляцияны тежеу, экономикалық өсімді қолдау және қордаланған теңгерімсіздіктерді реттеу міндеті тұр.
Үкіметтің алдында үнемі “инфляцияны бақылау – экономикалық өсім – экономиканы сауықтыру” үшбұрышының қай нүктесіне басымдық беру керек деген мәселе туындайды, – дейді сарапшы.
Ғазиз Әбішевтің пікірінше, алдағы жұмыстың елеулі бөлігі өңірлерге де байланысты болады. Бұл бағаны әкімшілік жолмен тікелей ұстап тұру туралы емес. Негізгі мәселе – өндіруші мен тұтынушының арасында қанша делдал бар және тауар бағасына жолай қанша қосымша үстеме қосылады.
Бұл жерде әкімдіктерге үлкен рөл жүктеледі. Олар инфляцияның ашық және жасырын факторларын қаншалықты сапалы пысықтай алады – мәселе сонда. Әңгіме бағаны нарықтық емес тәсілмен бақылау туралы емес, нарықтың қалыпты жұмыс істеуін қамтамасыз ету туралы болып отыр. Яғни тауарлар мен қызметтер тұтынушыға жеткенше негізсіз үстеме бағалар жиналмауы керек, – деп атап өтті Әбішев.
Осылайша, Мемлекет басшысы белгілеген меже еңсерілді. Енді Үкіметке бұл нәтижені тұрақтандыру қажет. Өйткені маусымдық факторлардың әсерінен кейбір азық-түлік түрлерінің арзандау кезеңі аяқталғаннан кейін де бағаға ішкі шығындар мен сыртқы экономикалық ахуал ықпал ете береді.