Референдум - үлкен өзгерістердің бастауы

19 Мамыр 2022, 16:45
2583
Бөлісу:
Референдум - үлкен өзгерістердің бастауы
PHOTO
Фото: автордан

 Ақтөбе облысы. BAQ.KZ тілшісі. Бүгін Ақтөбе қаласындағы М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университеті ғимаратында референдумды қоғамдық қолдау жөніндегі республикалық штабтың Ақтөбе облысы бойынша өкілдігінің ұйымдастыруымен «Жаңа Қазақстан: конституциялық реформалар» тақырыбында кездесу өтті. 

Оған өңірдің медициналық ұйымдарының қызметкерлері қатысты.

Басқосуда референдумды қоғамдық қолдау жөніндегі республикалық штабтың мүшесі, Ақтөбе қалалық №3 емхананың бас дәрігері Жәнібек Нармұхамедов, референдумды қоғамдық қолдау жөніндегі облыстық штабтың мүшесі, Ақтөбе қалалық №2 емхананың бас дәрігері Қайырбек Тоқтаров Мемлекет басшысы ұсынған конституциялық реформа — Жаңа Қазақстан құрудағы маңызды қадамдардың бірі екенін, референдум елімізді үлкен өзгерістерге бастайтынын жеткізді.  

 Қолданыстағы Конституция 1995 жылдың 30 тамызында қабылданды. Содан бері Конституцияға төрт рет өзгеріс енгізіліп, Парламентпен мақұлданған болатын. Бүгінгі қоғам дамуының жаңа сатысында елімізде ауқымды саяси модернизация күтіліп отыр. Бұл өзгерістер конституциялық реформасыз мүмкін емес. Мұндағы өзгерістер Конституцияның үштен бір бөлігін қамтиды. Президентіміз айтқандай, бұл түзетулердің еліміздің дамуында тағдырлы мәні бар. Сондықтан алғаш рет Конституцияға енгізілетін түзетулер бұрынғыдай Парламентте мақұлданбай, республикалық референдумға шығарылып отыр. Бұл Конституциялық реформа — 2019 жылдан бері елімізде жүргізіліп келе жатқан саяси реформалардың логикалық жалғасы. Конституцияға өзгерістер енгізу жобасы азаматтардың сұранысына негізделіп, қоғамның мүддесіне сай жасалған. Жобаны дайындауға алдыңғы қатарлы ғалым-заңгерлер қатысты, — деді Тоқтаров.    

Референдум - үлкен өзгерістердің бастауы

Оның айтуынша, Конституцияға енгізілетін түзетулер бес бағыттан тұрады. Оның біріншісі — суперпрезиденттік басқару үрдісінен классикалық негіздегі президенттік республикаға өту. Екінші бағыт — бірқатар билік өкілеттігін қайта бөлу. Үшінші бағыт — Парламенттің рөлі мен мәртебесін арттыру. Төртіншісі — халықтың ел басқару ісіне қатысу мүмкіндігін ұлғайту. Соңғы бағыт — азаматтардың құқықтарын қорғау тәсілдерін жетілдіру.

Бұл өзгерістер қоғамдық сананың өскенін білдіреді. Қолға алынған реформалар — ауқымды саяси жаңғырудың маңызды бөлігі. Бұл түзетулер қабылданғаннан кейін елімізде жиырмаға жуық заң да өзгертілуі тиіс. Алда 5 маусымда өтетін референдумға, біз, ел азаматтары, осы маңызды өзгертулердің жүзеге асуына атсалысып, ел болашағының жарқын болуына титтей болса да үлес қосуымыз керек. Сіздер, медицина мамандары, елдегі көзі ашық, көкірегі ояу жандарсыздар. Сондықтан аталған саяси шараға атсалысып, өз азаматтық позицияларыңызды білдіруге шақырамыз, — деді Тоқтаров.

Кездесуде Конституцияға енгізілген өзгерістер талқыланып, медицина қызметкерлері штаб мүшелеріне өз ұсыныс-тілектерін жеткізді.

Біз бүгін дәрігерлер қауымына референдумның маңыздылығын түсіндіріп, олардың осыған орай пікірлерін тыңдадық. Медицина қызметкерлері референдумды қолдайды, алдағы саяси шараға белсенді түрде қатысады. Жалпы қай кезде де қоғамда белсенді медицина мамандары бұл жолы да өзгелерге үлгі болмақ, — деді республикалық штаб мүшесі Нармұхамедов. 

Өзгелердің жаңалығы