Қазақ-қытай қарым-қатынасы дамудың жаңа алтын кезеңіне өтті – Тоқаев

3 Шілде 2024, 11:03
276
Бөлісу:
Қазақ-қытай қарым-қатынасы дамудың жаңа алтын кезеңіне өтті – Тоқаев
Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен ҚХР төрағасы Си Цзиньпин Ақордада кездесті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Кездесуде Мемлекет басшысы ҚХР төрағасы Си Цзиньпинге алғысын айтты.

Сіз бүгін елімізге мемлекеттік сапармен келіп отырсыз. Зор ризашылығымды білдіремін. Бұл ең алдымен Қазақстан-Қытай мәңгілік жан-жақты стратегиялық әріптестігін одан әрі нығайтуға деген ұмтылыстың айқын көрінісі деп бағалаймын. Қазақстан елдеріміз арасындағы тату көршілік пен ғасырлар бойғы достықты нығайтуға ерекше мән береді. Біз бірлескен күш-жігеріміздің арқасында өзгелерге үлгі болатын және түрлі бағытты қамтитын мемлекетаралық ықпалдастық орнаттық, - деп атап өтті Тоқаев.

Президент қазақ-қытай екіжақты қарым-қатынасы дамудың жаңа алтын кезеңіне өтті деп нық сеніммен айтуға болатынын жеткізді.

Екі ел арасындағы байланыстар тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуға, халқымыздың әл-ауқатын жақсартуға зор септігін тигізіп отыр. Былтыр өзара тауар айналымы 41 млрд доллардан асты. Ол рекордтық көрсеткіш. Қазіргі таңда 45 инвестициялық жоба жүзеге асырылып жатыр. Оның жалпы құны 14,5 млрд доллар. Жобалар өнеркәсіп, энергетика, көлік, транзит, жасыл экономика, ауыл шаруашылығы және басқа да салаларды қамтиды, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысының сөзінше, екі елдің мәдени-гуманитарлық байланыстары жандана түсті.

Тоқаев Си Цзиньпинге осы жетістіктердің оның жеке қолдауының арқасында табысты жүзеге асқанын атап өтті.

Бұған дейін Тоқаев қытайлық әріптесін Ақордада қарсы алғанын жаздық. 

Өзгелердің жаңалығы