- Мұқаба
- Жаңалықтар
- Импортқа тосқауыл: Қазақстан бидайды неге сырттан әкелуді қайта шектемек?
Импортқа тосқауыл: Қазақстан бидайды неге сырттан әкелуді қайта шектемек?
Ауыл шаруашылығы министрлігі елге автомобиль, теміржол және су көлігі арқылы бидай әкелуге алты ай мерзімге тыйым салуды ұсынды. Бұл бастама қандай мүмкіндіктер әкеледі?
Бүгiн 2026, 12:45
Қазақстан өзін әлемдегі ірі астық экспорттаушы елдердің бірі ретінде танытқанымен, соңғы жылдары ішкі нарыққа арзан импорттық бидайдың ағылуы отандық фермерлердің өнім өткізуіне елеулі кедергі келтірді. Сондықтан Үкімет уақытша шектеу арқылы ішкі нарықты тұрақтандыруды және жаңа өнім жиналар алдындағы кезеңде қазақстандық шаруалардың мүддесін қорғауды көздеп отыр.
Ауыл шаруашылығы министрлігі елге автомобиль, теміржол және су көлігі арқылы бидай әкелуге алты ай мерзімге тыйым салуды ұсынды. Бұйрық жобасы «Ашық НҚА» порталында жарияланды. Бұл бастама қандай мүмкіндіктер әкелетіні туралы BAQ.KZ тілшісі Ауыл шаруашылығы министрлігінен сұрап көрді.
Неліктен бұл мәселе қайта көтерілді?
Қазақстан бұған дейін де бидай импортына уақытша тыйым енгізген болатын. 2024 жылдың тамызынан желтоқсанына дейін үшінші елдерден және ЕАЭО мемлекеттерінен келетін бидайға барлық көлік түрімен шектеу қойылды. Алайда 2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап бұл шектеу алынып тасталды. Сол кезде Ауыл шаруашылығы министрлігі нарықтағы жағдайға қарай мұндай шара қайта қолданылуы мүмкін екенін ескерткен еді.
Арада бір жарым жыл өтпей жатып, бұл мәселе қайта күн тәртібіне шықты. Мамандар негізгі себеп – Ресейден келетін арзан астықтың ішкі нарықтағы бағаға қысым жасауы деп бағалайды.
Қазақстанның Астық өңдеушілер одағының мәліметінше, 2025 жылдың қыркүйегі мен 2026 жылдың сәуірі аралығында Қазақстанға Ресейден 1,5 млн тоннадан астам бидай жеткізілген. Мұндай көлем ішкі нарықтағы ұсынысты көбейтіп, жергілікті фермерлердің өнімін өткізуді қиындатты.
«Bunge Kazakhstan» компаниясының өкілі Талғат Бектеміров сөзінше, астық импортына тыйым салу ең алдымен фермерлер үшін тиімді.
Биыл қуаңшылыққа байланысты қиындықтар бар. Сондықтан өткен жылғыдай мол өнім аламыз деп айту қиын. Оның басты себебі – ылғалдың жетіспеуі. Астық импортына тыйым салу арқылы фермерлер өз өнімін жоғары бағамен сатып, табысын арттыра алады,- дейді ол.
Алайда бұл жағдай өңдеуші кәсіпорындарға – диірмендер мен наубайханаларға кері әсерін тигізетінін алға тартады. Себебі олар бұрынғыдай арзан ресейлік астықты сатып ала алмайды. Қазақстанға импортталатын астықтың негізгі бөлігі Ресейден келеді.
Елде астық жеткілікті ме?
2026 жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша Қазақстандағы бидай қоры шамамен 6,9 млн тоннаны құрады. Осы кезеңде ел шамамен 3,6 млн тонна бидай экспорттап, импорт көлемі 493 мың тонна болды,-дейді министрлік.
Яғни Қазақстан әлі де таза экспорттаушы мемлекет болып отыр.
Бұл көрсеткіштер жаңа егін жиналғанға дейін ішкі нарықты қамтамасыз етуге мүмкіндік беретінін көрсетеді. Сондықтан министрлік импортты уақытша шектеу арқылы ең алдымен отандық астықтың өткізілуіне жағдай жасауды көздеп отыр.
Шектеу бәріне бірдей қатысты емес
Дегенмен Үкімет барлық кәсіпорынға бірдей тыйым салмайды.
Жобаға сәйкес, теміржол арқылы бидайды құс фабрикалары,астық өңдеу кәсіпорындары, лицензияланған элеваторлар, «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» әкеле алады.
Алайда бұл астық тек өндірістік мақсатта пайдаланылуы тиіс. Оны ішкі немесе сыртқы нарықта қайта сатуға рұқсат берілмейді. Сондай-ақ Қазақстан арқылы өтетін халықаралық транзиттік тасымалдарға шектеу қолданылмайды, - дейді министрлік.
Фермерлер үшін мүмкіндік
Қазақстан жыл сайын миллиондаған тонна бидай өндіреді. Елдің басты экспорттық бағыттары – Өзбекстан, Тәжікстан, Ауғанстан және басқа да Орталық Азия мемлекеттері. Сонымен бірге Қытай мен Еуропа нарығына шығу жұмыстары жалғасып жатыр.
Алайда ішкі нарыққа арзан импорттық астықтың көптеп келуі фермерлер үшін елеулі қиындық туғызады. Егер шаруалар өнімін дер кезінде сата алмаса, элеваторлар толып, жаңа өнімді қабылдау мәселесі туындайды. Соның салдарынан фермерлердің айналым қаражаты азайып, келесі егіс жұмыстарына дайындық күрделене түседі,- дейді агроном Бақытжан Демесінов.
Сондықтан маман импортты уақытша шектеу жаңа өнім қарсаңында нарықты теңестіруге мүмкіндік береді деп есептейді.
Талғат Бектеміров биылғы ең үлкен мәселе – ауа райы болып тұрғанын айтады.
Сондай-ақ жыл сайын көктемгі егіс пен күзгі орақ науқанына кететін шығындар артып келеді. Жанар-жағармай, қосалқы бөлшектер, өсімдікті қорғау құралдары, тыңайтқыш пен тұқым бағасының қымбаттауы шаруалардың таза табысын едәуір азайтып отыр, - дейді ол.
Әлемдік нарықтағы жағдай
Талғат Бектеміров Украинадағы соғыстың Ресейдің астық экспорттайтын дәстүрлі нарықтарына әсер еткенін айтады. Соның салдарынан олар өнімін Қазақстан нарығына көбірек бағыттай бастады. Бұл Қазақстандағы астық бағасының өсіміне алып келуі мүмкін еді.
Қазір барлық шығындарды, яғни тасымал мен салықты есептегеннің өзінде Ресейден келетін астық пен майлы дақылдардың бағасы қазақстандық өнімнен шамамен 5 мыңнан 15 мың теңгеге дейін арзан.Ал кейбір жағдайда астық заңсыз немесе «сұр импорт» арқылы әкелінсе, баға айырмашылығы тоннасына 20 мың теңгеге дейін жетуі мүмкін,- дейді фермер.
Халықаралық ұйымдардың бағалауынша, Қазақстан 2025 жылғы мол өнімнің арқасында экспорттық әлеуетін сақтап отыр. Бірақ 2027 жылдарға қарай, маркетингтік жылында ауа райы мен нарық факторлары өндіріс көлеміне ықпал етуі мүмкін деген болжам бар. Сондықтан ішкі нарықты қорғау мәселесі Үкімет үшін бұрынғыдан да өзекті болып отыр.
Үкімет ұсынып отырған алты айлық шектеу, ең алдымен, жаңа өнім жиналар алдындағы кезеңде ішкі нарықты тұрақтандыруға бағытталған.
Бұл шешім фермерлерге өз өнімін тиімді бағамен өткізуге мүмкіндік беруі тиіс.
Ең оқылған:
- Бетін жасыру үшін ниқаб киген: Ақтөбеде қымбат смартфондарды ұрлаған күдіктілер ұсталды
- 100 мың доллар бонус: Асу Алмабаев UFC тарихына енді
- Бибісара Асаубаева ІІ дәрежелі «Барыс» орденін алды
- Павлодарда жантүршігерлік апат: Қарсы бағытқа шыққан көлік екі адамды қағып өлтірді
- Жол апаты: Түркістан облысында бір отбасының бес баласы қаза тапты
Аида БАТУХАН