2026 жылдың алғашқы алты айында Алматы облысының сыртқы саудасында ерекше үрдіс байқалды: импорт көлемі іс жүзінде өзгермегенімен, экспорт бірден 60,2%-ға өсіп, өңірдің тауар айналымындағы күштердің арақатынасын өзгертті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
EconomyKZ.org мәліметінше, жалпы тауар айналымы 15,4%-ға артып, 2,32 млрд долларға жетті. Оның ішінде экспорт көлемі 811,7 млн долларды құраса, импорт 1,51 млрд доллар деңгейінде қалды (+0,3%). Нәтижесінде облыстың сауда балансы экспорт пайдасына қарай айтарлықтай жақсарды.
Өңірдің басты сауда серіктесі бұрынғысынша Қытай болып отыр. Екі ел арасындағы тауар айналымы 753,5 млн долларға жетіп, бір жылда 34,6%-ға өсті. Сонымен қатар Өзбекстанмен сауда көлемі 62,1%-ға артса, Түркиямен сауда керісінше 28,1%-ға қысқарған.
Экспорт құрылымында азық-түлік өнімдері басым рөл атқарады. Жарты жыл ішінде олардың экспорты 479,3 млн долларға жетіп, жалпы экспорттың 59%-ын қалыптастырған. Бұл Алматы облысының аграрлық әлеуетінің жоғары екенін көрсетеді.
Дегенмен экспорттағы ең ірі тауар азық-түлік емес. Сарапшылардың назарын толықтай Қытайға жөнелтілетін вольфрам кені аударып отыр. Соңғы жылдары дәл осы өнім облыстың экспорттық өсімінің негізгі драйверіне айналған.
Қытайға вольфрам жеткізу көлемі бірнеше жыл ішінде күрт артқан. Егер 2024 жылы экспорт көлемі 60,3 млн доллар болса, 2025 жылы 168 млн долларға жеткен. Ал 2026 жылдың алғашқы жартысында ғана бұл көрсеткіш 296,7 млн долларды құрады. Сарапшылар мұны бір реттік серпіліс емес, жаңа әрі тұрақты экспорттық бағыттың қалыптасуы деп бағалайды.
Экспорттағы тағы бір қызық көрсеткіш – темекі өнімдері. Қырғызстан, Өзбекстан және Моңғолия нарықтарына жеткізілетін темекі экспорты 111,2 млн долларға жетіп, өңірдің негізгі экспорттық тауарларының қатарына енген.
Ал импорт құрылымында айтарлықтай өзгеріс байқалмайды. Импорт көлемінің төрттен біріне жуығын азық-түлік өнімдері құрайды. Сонымен бірге Өзбекстаннан әкелінетін алюминий цистерналары мен құюға арналған банкалар, Германия мен Италиядан жеткізілетін арнайы жабдықтар өңірде тамақ және сусын өндірісінің дамып жатқанын аңғартады.
Сарапшылар Қытайдан импортқа да назар аударады. Егер 2019–2022 жылдары оның көлемі 2–2,3 млрд долларға дейін жетсе, кейінгі жылдары 1–1,1 млрд доллар шамасына дейін төмендеген. Бұл құлдырау емес, пандемия кезіндегі ерекше өсімнен кейін қалыптасқан жаңа тұрақты деңгей ретінде бағаланып отыр.
Осылайша, 2026 жылдың алғашқы жартысында Алматы облысы экспортты рекордтық қарқынмен ұлғайтып, сыртқы сауда құрылымын өзгерте алды. Өсімнің негізгі көзі – Қытайға жөнелтілетін вольфрам кені мен Орталық Азия елдеріне бағытталған азық-түлік экспорты. Бұл өңірдің шикізаттық әрі аграрлық әлеуетінің сыртқы нарықтарда сұранысқа ие болып отырғанын көрсетеді.