Tesla мен SpaceX компанияларының басшысы Илон Маск АҚШ-тың президенті Дональд Трампқа қатысты әлеуметтік желідегі кей жазбалары үшін кешірім сұрады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бұл туралы ол өзінің X (бұрынғы Twitter) парақшасында мәлімдеді.

Өткен аптада президент туралы жазған кейбір жазбаларыма өкінемін. Олар шектен шығып кетті, – деп жазды Илон Маск.
Екі танымал тұлғаның арасында дау салық және бюджетке қатысты заң жобасынан кейін өршіді. Дональд Трамп бұл құжатты «үлкен әрі керемет» деп атаған болса, Маск оны «жиренішті сұмдық» деп сынаған еді.
Трамп Маскқа қарсы пікірін Германия канцлері Фридрих Мерцпен кездесуде ашық білдірген. Өз кезегінде Маск Трампты «мен болмасам, ол сайлауда жеңбес еді» деген мәлімдеме жасаған болатын.