Илон Маск өзінің парақшасында Optimus деген роботтың би билеп тұрған жаңа бейнежазбасымен бөлісті. Маск бұл бейнежазбаның нақты осы уақытта түсірілгенін және ешқандай компьютерлік графика қолданылмағанын атап өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі Teslarati.com-ға сілтеме жасап.
Масктың мәлімдеуінше, 2025 жылы компания ішкі қолданыс үшін 1000-нан астам Optimus роботын шығармақ. Ал 2026 жылдан бастап оны жаһандық нарыққа сатуға кіріседі.
Tesla Optimus – төмен білікті және қайталанатын жұмысты автоматтандыруға арналған робот. Масктың айтуынша, мұндай роботтар экономиканың құрылымын түбегейлі өзгертіп, адамзат өркениетін жаңа даму сатысына көтеруі мүмкін.
Ол бұл роботтың маңыздылығы тіпті Tesla-ның электромобиль бизнесінен де асып түсетінін атап өтті.
Optimus-тың нарықтық құны 25 триллион долларға жетуі мүмкін, - дейді Маск.
Оның пікірінше, мұндай технологиялар тауарлар мен қызметтердің бағасын айтарлықтай төмендетіп, "молшылық дәуірінің" басталуына жол ашады.
Оптимус – жай ғана робот емес, ол адамның күнделікті өмірінде жиі кездесетін ауыр әрі бірсарынды жұмыстарды өз мойнына алатын жасанды интеллект негізіндегі серіктес. Бұл – адамның физикалық еңбектен босап, шығармашылыққа, ғылым мен білімге көбірек уақыт арнауына мүмкіндік беретін технологиялық серпіліс.
Илон Масктың бұл бастамасы болашақта еңбек нарығын, өндіріс тәсілдерін және жалпы қоғамдық құрылымды түбегейлі өзгертетін ауқымды өзгерістердің хабаршысы болуы мүмкін.