ІІМ жүргізушілерден хабарламаларға назар аударуды сұрайды

13 Қаңтар 2021, 03:21
1464
Бөлісу:
ІІМ жүргізушілерден хабарламаларға назар аударуды сұрайды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. ІІМ жүргізушілерден ауа райының нашарлауы және жолдардың жабылуы туралы хабарламаларға назар аударуды сұрайды, деп хабарлайды Polisia.kz. 

Ағымдағы жылдың 12 қаңтарында ауа райының нашарлауына байланысты Қарағанды және Солтүстік Қазақстан облыстарының республикалық маңызы бар автожолдарында көліктің барлық түрлері үшін қозғалыс толығымен жабылды. 

Сондай-ақ, Ақмола және Қостанай облыстарындағы қала сыртындағы тас жолдарда Солтүстік Қазақстан облысы бағыты бойынша автомобиль қозғалысы шектелген. Павлодар облысында Қарағанды және Ақмола облыстары бағыты бойынша қозғалыс шектелген. 

«Қазгидромет» РМК деректері бойынша 13 қаңтарда Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Маңғыстау, Павлодар және Түркістан облыстарында ауа райының нашарлауы күтілуде. 

ІІМ аталған аймақтардың тұрғындарына ұзақ сапарлардан аулақ болуды ұсынады және жүргізушілерге қауіпсіз қозғалыс жылдамдығы мен автомобильдер арасындағы қашықтықты қатаң сақтау керектігін ескертеді. 

Екі күннің ішінде (10-11 қаңтар) ел жолдарында 35 ЖКО тіркеліп, жеті адам қаза тапты, 50 адам түрлі жарақат алды. Қар құрсауынан полиция күшімен 30-дан астам көлік эвакуацияланды.

Өзгелердің жаңалығы