ІІМ жол апатынан қаза болған полиция майоры жайлы: Мұндай жағдайда өтемақы төленбейді

4 Желтоқсан 2019, 11:53
42604
Бөлісу:
ІІМ жол апатынан қаза болған полиция майоры жайлы: Мұндай жағдайда өтемақы төленбейді
Фото: автордан

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі.  Бүгін ҚР ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев "Нұр-Отан" партиясының республикалық қоғамдық қабылдауында азаматтарды жеке қабылдап, олардың арыз-шағымдарын тыңдады.  

Министр қызмет бабында жүріп қаза тапқан ұлын айтып келген азаматтың шағымына құлақ асты. Павлодар облысының тұрғыны, запастағы подполковник Нұртай Қарабаев қызмет бабымен Жезқазған қаласына іс-сапарымен бара жатып, жолда көлік апатына ұшырап қайтыс болған ұлы Ғалымжан Қарабаевқа қатысты арызын айтып берді. 
Ұлым - әділет майоры Ғалымжан Қарабаев 2018 жылдың 14 желтоқсанында іс-сапармен Жезқазған қаласына бара жатып, жол-көлік оқиғасынан қаза тапты. Маған сіздің ұлыңыз қызметін орындау кезінде қайтыс болды деп сендірді. Тиісінше, жерлеу рәсімін де құрметпен шығарып салдық. Мен үшін аса қайғылы жағдай болды. Сот экспертизасы қызмет бабында қайтыс болды деген шешім шығарды. Қазір артынан қалған жанұясының халі мүшкіл. Ипотекаға алынған пәтері бар. Оның 12 жасар ұлы бар. Енді қыркүйек айында Полиция департаменті ұлыңыз қызмет бабында жүріп қаза таппаған, ал оның жанында болған әріптесі қызмет бабы кезінде қайтыс болған деп шешім шығарды. Сонда қалай екі әскери қызметкер екі түрлі жағдайда қаза болған, - деген шағымын жеткізді азамат Қарабаев.

Ол өзінің бұрыңғы әскери адам ретінде артық шу шығарғысы келмей, тікелей министрдің өзіне жүгінуді жөн көргенін атап айтты. 
Мен бұл істің материалдарын жіті қарап шықтым. Сіздің ұлыңыз автокөліктің рөлінде отырған. Ол көлікті жүргізіп келе жатып, қарама-қарсы жолаққа шығып кетіп, салдарынан жол-көлік оқиғасы орын алған. Ұлыңыздың кінәсі дәлелденген. Апат кесірінен екі адам көз жұмды. Соның бірі - майор Қарабаев. Қорытынды құжатта осылай жазылған. Мұндай жағдайда ешқандайда өтемақы, яғни компенсация төленбейді, - деп жауап берді ішкі істер министрі. 
Министр шағымданушының бұл фактіні жоққа шығарып, қайта тергеу жұмыстарын бастауға өтініш бере алатынын айтты.
Егер  шын мәнінде оқиға барысы бұлай емес десеңіз, бұл істі теріске шығаруға хақылысыз. Мен қосымша тексеріс жүргізу туралы тиісті тапсырма беремін, - деді министр Тұрғымбаев. 
Арызданушы өзінің тергеу істеріне кіріспегенін алға тартты. Оның айтуынша қайғылы оқиға орын алған күні ауа райы қолайсыз, көк тайғақ және боран болған. Және де ол техникалық сараптаманың дұрыстығынан күмән келтіріп отыр.



Өзгелердің жаңалығы