ІІМ «ресейлік мигранттар» туралы видеоға қатысты түсініктеме берді

13 Қазан 2022, 23:06
1200
Бөлісу:
ІІМ «ресейлік мигранттар» туралы видеоға қатысты түсініктеме берді

Қазақстан қалаларының бірінде түсірілген делінген ер адамды ұрып-соғудың видеосы жарияланды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

ҚР ІІМ бұл жағдайға қатысты түсініктеме берді.

Ведомствоның хабарлауынша, видеоның Қазақстанда түсірілгеніне дәлел жоқ.

Қазіргі уақытта ішкі істер органдары осы видео бойынша тексеру іс-шараларын жүргізуде. Сонымен қатар полицияға өтініш түскен жоқ, – деп түсіндірді ҚР ІІМ баспасөз қызметі.

Зардап шегуші – Ресейден келген мигрант, ал шабуылдағандар – Қазақстан азаматтары екен. Видео бойынша жанжалға ұлтаралық алауыздық себеп болған.

Осыған байланысты ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі де өз пікірін білдірді.

Соңғы кездері ашық арандатушылық бағыттағы, манипуляция ақпараттар көбейіп кетті. Қазақстанда болмаған оқиғаны осы жерде болды деп көрсету, фейк ақпаратты таратудың түпкі мақсаты белгілі. Қазір елімізде өтіп жатқан халықаралық іс-шаралар мен көптеген елдің лидерлерінің келуі, халықаралық деңгейдегі түрлі тарихи маңызды шешімдердің қабылдануы Қазақстан имиджіне оң әсер етері белгілі. Ал әлгіндей жалған, әдейі жасалған ақпараттық шабуылдар уыздай ұйып отырған ұлттың берекесін кетіру үшін әдейі жасалатыны анық. Сондықтан әсіресе, әріптестеріме әлеуметтік желідегі тексерілмеген ақпараттарға сергек қарап, тек қана дәйекті мәліметтерге сүйенуін сұраймыз - деді министр.

Өзгелердің жаңалығы