ІІМ: Елімізде блогерлерге қатысты заңсыз әрекет жасаған 18 адам құрықталды

21 Ақпан 2023, 21:16
1241
Бөлісу:
ІІМ: Елімізде блогерлерге қатысты заңсыз әрекет жасаған 18 адам құрықталды
Фото: azattyq-ruhy.kz

Соңғы 6 айда журналистер мен блогерлерге қатысты заңсыз әрекеттер жасағаны үшін 18 адам ұсталды. Бұл туралы BAQ.KZ ІІМ-ге сілтеме жасай отырып хабарлады.

2022 жылғы қыркүйектен бастап биылғы 20 ақпанға дейін Алматы және Астана қалаларында 6 журналист пен блогерге, сондай-ақ 1 адамға қатысты олардың қызметімен байланысты бірқатар құқыққа қарсы әрекет жасалған.

«Жәбірленушілерге қатысты жылжымайтын мүлікке қасақана зақым келтіру, автокөліктерді өртеу, оларға әртүрлі заттарды жөнелту арқылы қорқыту фактілері, жәбірленушілердің мекенжайлары бойынша терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарламалар және Интернет желісінде дербес деректерін тарату фактілері жасалды. Осы қылмыстарды ашу үшін ведомствоаралық жедел-тергеу тобы құрылды. ҚР ҚК 115 «Қауіп», 147 «Жеке өміріне қатысты мәліметтерді тарату», 158 «Журналистік қызметке кедергі жасау», 202 «Бөтеннің мүлкін қасақана жою», 293 «Бұзақылық» баптары бойынша 20 қылмыстық іс қозғалды. Бұған қатысы бар 18 адам ұсталды, - делінген ведомство таратқан мәліметте.

Дәлелдемелік базаны нығайту бойынша қажетті тергеу-жедел іс-әрекеттері жүргізіліп жатыр.

Өзгелердің жаңалығы