ІІМ басшысы Шымкент мектептеріндегі қауіпсіздік жүйесін тексерді

30 Тамыз 2023, 16:11
751
Бөлісу:
ІІМ басшысы Шымкент мектептеріндегі қауіпсіздік жүйесін тексерді
Фото: polisia.kz

Шымкентке арнайы барған ішкі істер министрі жаңа оқу жылы қарсаңында Шымкенттегі жедел басқару орталығына кіріп, білім ошақтарындағы камералар мен дабыл түймелерін тексерді, деп хабарлайды BAQ.KZ Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

Министр мектептердің бірімен байланысқа шығып, оқу ордасында дабыл жүйесі іске қосылған жағдайда игнал бірден полицияға түсетіндігімен танысты. 

Шымкентте 246 мектеп бар, болса оның 151-і мемлекетке тиесілі. Ондағы бейнекамералар саны 2600-ден асады. Министр департаменттің жаңа басшысына оларды толығымен полицияға шығарып, осы бағыттағы жұмысты жетілдіруді тапсырды.

Мектептер мемлекеттік, жеке меншік деп бөлінбей, толығымен жедел басқару орталығына шығарылуы тиіс. Бұл балалардың қауіпсіздігі үшін қажет. Полиция департаментінің басшысына бірінші кезекте осы жұмысты қолға алуды тапсырдым. Сонымен қатар оқу орындарының маңындағы жол инфрақұрылымын, жаяу жүргіншілер өткелінің бар-жоғын, мектеп автобустарының жай-күйін тексеруді жүктедім, – деді Марат Ахметжанов.

Сондай-ақ ведомство басшысы жеке құраммен кездесіп, полицияға жүктелген міндеттерді де алға тартты. Қызметкерлердің де, азаматтардың да тарапынан заңсыздық пен бассыздыққа жол берілмеу қажеттігін тапсырып, жұмыс сапарының соңында Марат Ахметжанов министрліктің Бауыржан Момышұлы атындағы оқу орталығына барды. Мұнда ол полицей болуды мақсат тұтып, әр өңірден біліктілігін арттыруға келген жас тыңдаушылармен жүздесті. Орталықтың аумағында жылдам қимылдайтын арнайы жасаққа арналған үй-жай мен алаң салынбақ. Мұнда ведомство басшысы жауынгерлерге жасалатын жобамен танысты.

Өзгелердің жаңалығы