Ішкі істер министрлігі алтын өндіру саласындағы заңсыз әрекеттердің алдын алу және экономикалық қауіпсіздікті нығайту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіп жатыр. Бұл туралы ресми мәліметте айтылды, деп хабарлайды BAQ.KZ Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Мемлекет басшысының тапсырмалары аясында қала құраушы кәсіпорындардың, соның ішінде алтын өндіру секторындағы нысандардың тұрақты әрі қауіпсіз жұмысын қамтамасыз ету шараларын күшейткен.
Ведомство дерегінше, өткен жылдан бері елдің бірқатар өңірінде алтын ұрлығына және заңсыз кен өндіруге қатысы бар 1400-ден астам адам жауапкершілікке тартылған. Сонымен қатар заңсыз айналымнан 12 тоннадан астам алтын құрамды материал тәркіленген.
Мәселен, биыл Жамбыл облысындағы «Ақбақай» тау-кен байыту комбинаты аумағында алтын құрамды кенді заңсыз өндіру, өңдеу және ұрлаумен айналысқан ұйымдасқан қылмыстық топқа қатысты сотқа дейінгі тергеу аяқталған. Қазіргі таңда іс сотта қаралуда.
Жедел-іздестіру шаралары барысында кәсіпорын аумағына заңсыз кіру әрекеттері дер кезінде тоқтатылып, құқық қорғау органдары ұйымдасқан топты ұстаған. Тергеу нәтижесінде Жамбыл, Ұлытау және Қарағанды облыстарының тұрғындарынан құралған топтың алтын құрамды материалды заңсыз айналымға шығару арнасын құрмақ болғаны анықталған.
Операция кезінде қару-жарақ, ірі көлемдегі қаражат, байланыс құралдары және автокөліктер тәркіленген. Қазіргі уақытта келтірілген шығын көлемі анықталуда, сондай-ақ кәсіпорынның күзет және қауіпсіздік қызметінің қызметкерлерінің ықтимал қатысы тексеріліп жатыр.
Ведомствоның мәлімдеуінше, аталған шаралар алтынның көлеңкелі айналымын азайтуға, заңсыз кен өндірудің жолын кесуге және елдің экономикалық қауіпсіздігін арттыруға ықпал етіп отыр. Ішкі істер министрлігі бұл бағыттағы жұмыстарды одан әрі жалғастыратынын хабарлады.