ИИДМ коммуналды-тұрмыстық көмірдің заңсыз экспортын шектейтін құжатты дайындап жатыр

9 Тамыз 2023, 19:55
698
Бөлісу:
ИИДМ коммуналды-тұрмыстық көмірдің заңсыз экспортын шектейтін құжатты дайындап жатыр
Фото: ИИДМ баспасөз қызметі

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі «Көмірдің жекелеген түрлерін экспорттауға айрықша құқық берудің кейбір мәселелері туралы» ҚР Үкімет қаулысының жобасын әзірлеуді қолға алды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Былтырғы жылу беру маусымында еліміздің кейбір шекаралас өңірлерінде халыққа, білім беру және денсаулық сақтау нысандарына, сондай-ақ өзге де әкімшілік ғимараттарға арналған коммуналды-тұрмыстық көмірдің тапшылығы байқалған еді.

Мұндай жағдай ішкі нарыққа арналған коммуналды-тұрмыстық көмірді қолжетімді бағамен сатып алып, оны үстеме бағамен экспортқа сатқан жосықсыз кәсіпкерлердің кесірінен болды.

Осыған байланысты биыл мамыр айында нарықты тұрақтандыру үшін Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі елімізден көмірді автокөлікпен әкетуді шектейтін бұйрыққа қол қойған-ды.

Алдағы жылу беру маусымында осындай келеңсіз жағдайларға жол бермей таяу перспективада энергетикалық қауіпсіздікке қауіп төндірмеу үшін ҚР ИИДМ «Көмірдің жекелеген түрлерін экспорттауға айрықша құқық берудің кейбір мәселелері туралы» Үкімет қаулысының жобасын әзірлеп жатыр.

Аталған құжат көмірді елімізден тыс жерлерге теміржол көлігімен тас немесе қоңыр көмірді өндіруге келісімшарттары жоқ немесе оны байытумен айналыспайтын және мамандандырылмаған бизнес субъектілерінің әкетуіне тыйым салуға бағытталған.

Осы орайда қолға алынған бұл амал «Атамекен» ҰКП, Тау-кен өндіру және тау-кен металлургия кәсіпорындарының республикалық қауымдастығы мен Қазақстанның көмір өндіруші кәсіпорындарымен келісілгенін айта кеткен орынды.

Өзгелердің жаңалығы