ИИДМ халықаралық қаржы ұйымдарынан ірі инвестицияларды тартуды қолға алды

26 Тамыз 2023, 00:10
894
Бөлісу:
ИИДМ халықаралық қаржы ұйымдарынан ірі инвестицияларды тартуды қолға алды
Фото: gov.kz

Отандық өңдеу өнеркәсібі жобаларын ынталандыру үшін 500 млрд теңгеден астам қаражатты бөлу жоспарланған, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Ілияс Оспанов халықаралық қаржы институттарының өкілдері мен өңдеу өнеркәсібі бағытындағы инвестициялық жобаларды іске асырып жатқан іскер азаматтармен кездесті.Ведомство басшысының орынбасарымен бірге Автомобиль жолдары комитетінің төрағасы Төлеген Абдуллин және Индустриялық даму комитетінің төрағасы Азамат Панбаев қаржы ұйымдардың өкілдеріне еліміздің инвестициялық әлеуетін таныстырды.

Аталған кездесуге 15-тен астам халықаралық қаржы ұйымының (оның ішінде Азия даму банкі, Еуропалық Қайта Құру және даму банкі, Еуразиялық даму банкі, Халықаралық Қайта Құру және даму банкі, Жапония Халықаралық ынтымақтастық агенттігі), сондай-ақ Қазақстанның 14 өңірінен келген облыс әкімдіктерінің, квазимемлекеттік сектордың және бизнес қауымдастықтың өкілдері қатысты. Осы ретте бұл іс-шараның саланы одан әрі дамыту үшін маңызы зор екенін айта кетейік.

Мәселен, Төлеген Абдуллин «Ақтөбе-Ұлғайсын-Қызылорда» жол учаскесі, Қарағанды – Жезқазған бағытындағы күре жол мен Сарыағаш қаласындағы айналма жолдың құрылысына байланысты инфрақұрылымдық жобаларды ұсынды. Тұтастай алғанда, автожол саласын дамыту шеңберінде 2030 жылға дейін 4,5 мың шақырым жолды салып, жаңарғырту көзделген.

Өз кезегінде Азамат Панбаев ХҚҰ өкілдеріне мұнай-газ саласындағы машина жасау өндірісі, құрылыс материалдарының индустриясы, химия және жеңіл өнеркәсіп, металл өңдеу және басқа салалардағы жетістіктерге тоқталып, отандық өңдеу өнеркәсібінің перспективасы туралы айтып берді. Индустриялық даму комитетінің төрағасыайтқандай, қазір болат балқыту және электролиз зауыттарын салу, сондай-ақ алуан түрлі дайын өнімдерді шығаруға қауқарлы кәсіпорындардықұрудың маңыздылығы артып отыр.

Біз жаңа жобаларды іске асыруға байланысты халықаралық қаржы ұйымдарының рөлін жоғары бағалаймыз. Бұл орайда мемлекет инфрақұрылымды дамытып, инвесторларға бизнесті жүргізуге қажетті жағдай жасау үшін жеңілдетілген қаржыландыруды ұсыну жөнінде қажетті шараларды қабылдап келеді. Кәсіпкерлерді біз ұсынып отырған артықшылықтарды пайдаланып, өз инвестицияларын Қазақстанға салуға шақырамыз. Біздің министрлік қажетті қолдауды көрсетуге дайыy, - деді А.Панбаев.

Тікелей ынталандыру тетігі ретінде Өнеркәсіпті дамыту қоры мен Қазақстанның даму банкі желісі бойынша жалпы сомасы 500 млрд теңгеден астам қаражатқа өңдеу өнеркәсібіне байланысты жобаларды жеңілдетілген зайымдық ақшамен қамту жоспарланып отырғанын атап өткен жөн. Сонымен қатар жаңа ірі кәсіпорындардың іске қосылуы қосымша жұмыс орындарын ұлғайтуға жол ашпақ.

Кездесуде «ТехноГруппСервис», Ordamed және «ЕвроГлас Индастриз» компанияларының басшылары сөз алды. Бизнес өкілдері инвестицияларды тартып, тиісті жобаларды талқылауға дайын екендіктерін жеткізді.

Өзгелердің жаңалығы