ИИДМ-де битум тапшылығын жоюдың жолдары қарастырылды

1 Қараша 2022, 19:30
970
Бөлісу:
ИИДМ-де битум тапшылығын жоюдың жолдары қарастырылды

Талқылау ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаевтың бастамасымен қолға алынған «Ашық сағат алаңы» жобасы аясында өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Бейнебайланыс форматында ұйымдастырылған басқосуға Автомобиль жолдары комитетінің, Қазақстан жолшылар қауымдастығының, «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ, әкімдіктердің Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармаларының, сондай-ақ Энергетика министрлігінің өкілдері қатысты.

Жиында еліміздегі битум тапшылығы мәселесі егжей-тегжейлі қарастырылып, жол құрылысына қажетті материалды дер кезінде сатып алу және сақтау сияқты сұрақтар көтерілді. 

Жиын барысында әкімдіктер мен «ҚазАвтоЖол» ҰК өкілдері алдағы уақытта битум тапшылығы мен жол-құрылысы жұмыстарының тоқтауы тағы да қайталануы мүмкін екендігін жеткізді. Бұған басты себеп – мердігерлердің битумды сақтайтын жері жоқ болғандықтан, алдын ала сатып ала алмайды. Сондықтан олар дайын асфальт сатып алуға мәжбүр.

 Жол құрылысы саласындағы мердігерлер мезгілдің жылы кезінде битумды жаппай сатып алады. Ал қалған кезеңде битум өндірушілер өнімге деген төмен сұраныстың әсерінен шығынға тап болады. Алайда, олар мұны өнім сұранысқа ие маусымда оның бағасын өсіріп өтейді. «ҚазАвтоЖол» компаниясы мен әкімдіктер Энергетика министрлігімен бірлесіп ай сайын битумды бөлу бойынша бөлуді жүзеге асырады. Бірақ оған негізгі сұраныс жазда келеді, – деп атап өтті жиын қатысушылары.

Басқосу барысында мәселені оңтайлы шешу жолын Қазақстан жолшылар қауымдастығының президенті ұсынды.

Шұңқырлар битумды сақтайтын ең қолжетімді орын. Бірақ бұл шұңқырларда битум қатып қалады, оны үнемі жылытып отыру қажет. Ал бұдан оның сапасы төмендейді. Демек жолдардың сапасына да тікелей әсер етеді. Шикізатты ангар қоймаларында сақтауға да болады. Өйткені, әрбір мердігердің осындай қоймасы бар. Содан кейін қыста да, жазда да битум сатып алуға болады, – деді Бағлан Баймағамбетов.

Өз кезегінде Энергетика министрлігі мұнайды тасымалдау және өңдеу департаменті директорының орынбасары Самат Мергенов ведомстволық биржаларда сатылатын битумның үлесін арттыруды ұсынды. Оның айтуынша, бұл тараптағы көрсеткіш 2021 жылдан бері өзгерген жоқ.

Айта кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында елімізде әлі күнге дейін битум тапшы екендігіне назар аударып, ірі көлемде мұнай өндіретін ел үшін бұл ұят жағдай екендігін айтқан болатын. Осыған орай Президент Үкіметке бұл мәселені тікелей бақылауға алуды тапсырды.

Өзгелердің жаңалығы