ИИДМ-да автокөлік жолдарының қысқы маусымға дайындығы талқыланды

16 Тамыз 2022, 15:28
1108
Бөлісу:
ИИДМ-да автокөлік жолдарының қысқы маусымға дайындығы талқыланды
PHOTO

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің  «Ашық сағат алаңында» еліміздегі автокөлік жолдарының қысқы маусымға дайындығына арналған жиын өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ.

ZOOM платформасында ұйымдастырылған басқосуға Автомобиль жолдары комитетінің төрағасы Төлеген Абдуллин, «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ, «Қазақавтожол» ЖШС басшылары, тәуелсіз сарапшылар мен жүк және жолаушылар тасымалдаушы компаниялардың өкілдері қатысты.

ИИДМ-да автокөлік жолдарының қысқы маусымға дайындығы талқыланды

«Қазақавтожол» ЖШС ақпаратына сүйенер болсақ, арнайы техникалардың қысқы кезеңге дайындығы 74 пайызды құрайды. Компания басшысы Самат Ғилымовтың айтуынша, алдағы маусымдық жұмыстар үшін жеке тұлғалардан 400 дана техниканы жалға алу қажеттілігі туындап отыр.

 Қазіргі таңда бізге 2 836 дана техника қажет. Ал қолымызда бар-жоғы 1 117 бірлік техника бар. Оның 527-сінің тозығы жеткен. Жөндеуге де келмейді, – деп атап өтті Самат Ғилымов.

Сондай-ақ ол еңбекақы мөлшері 30 пайызға артқанымен білікті мамандарға деген тапшылық сезіліп отырғанын айтты. 

ИИДМ-да автокөлік жолдарының қысқы маусымға дайындығы талқыланды

 Министрлік тарапынан қолдаудың арқасында мекеме жұмысшыларының жалақасы көтерілді. Бүгінде қызметкерлер жетіспеушілігі біртіндеп азайып келеді. Десе де жоғары білікті мамандарға деген зәрулік туындауы мүмкін екендігін жоққа шығармаймыз, – деді «Қазақавтожол» басшысы.

Сонымен қатар басқосуда автокөлік жолдарының сапасына да назар аударылды. Мәселен, жүк тасымалымен айналысатын Кирилл Гадецкий есімді азамат Қызылорда және Ақтөбе облыстары шектесетін аймақтағы жолдың сапасы сын көтермейтінін алға тартты.

ИИДМ-да автокөлік жолдарының қысқы маусымға дайындығы талқыланды

 Жол жөндеу жұмыстары жүргізіледі-ақ. Алайда ай өтпей жол төсеніштері ойылып, тереңдігі 40 сантиметрге жуықтайтын ой-шұңқырлар пайда болады. Бұл – жол-көлік қозғалысына айтарлықтай кедергі келтіреді, – дейді кәсіпкер. 

Өз кезегінде Автомобиль жолдары комитетінің төрағасы «Қызылорда – Арал – Ақтөбе» бағытындағы жол торабының тозғандығын растады.

Өзгелердің жаңалығы