ИИДМ: биыл 7 мыңнан астам азамат сатып алу құқығысыз жалға берілетін баспанаға ие болады

25 Қараша 2022, 19:25
750
Бөлісу:
ИИДМ: биыл 7 мыңнан астам азамат сатып алу құқығысыз жалға берілетін баспанаға ие болады

Осы жылдың 10 айында елімізде 11,7 млн шаршы метр тұрғын үй салынды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Бұл туралы Парламент Сенатында өткізілген Үкімет сағатында Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Еркебұлан Дауылбаев айтып, депутаттар Қазақстандағы тұрғын үй құрылысын дамыту жөніндегі жұмыстармен танысты.

Мәселен, қолға алынған тұрғын үй саясаты арқылы 7 мыңнан астам азамат сатып алу құқығысыз жалға берілетін баспанамен қамтылады. Сонымен қатар «Отбасы» банкі арқылы өңірлерде кезекте тұрғандарға арналып, 9,8 мың кредиттік тұрғын үй салынып жатыр.

Бұдан басқа кезекте тұрған 6,1 мың адамға 2%-дық мөлшерлеме бойынша, сондай-ақ кезегін күтіп отырған тағы 7,8 мың азаматқа 5%-дық мөлшерлемемен зайымдық қаражатты ұсыну арқылы мемлекеттік қолдауды көрсетіп, жекеменшік тұрғын үй қорында жалға берілетін пәтердің тұрғын үй төлемдерін өтеу көзделген.

Вице-министрдің айтуынша, қабылданып жатқан шаралар мен азаматтардың баспана алу мәселелері шешіліп жатқанына қарамастан тұрғын үйге мұқтаж жандардың қатары ұлғайып келеді.

Қазір әкімдіктерде кезекте тұрғандардың көрсеткіші 623 мың адамға жетіп, оның ішінде 400 мыңнан астамы әлеуметтік осал топқа кіретін азамат саналады.

Жыл сайын кезектілік орта есеппен 50 мың адамға ұлғайып келеді.

Кезектіліктің артуы бюджетке айтарлықтай салмақ түсіріп, әлеуметтік тұрғын үй салу мен осы бағытта жеңілдетілген несиелеуді арттыру үшін қомақты инвестицияларды талап етіп отыр.

Осыған байланысты министрлік тұрғын үй саясатын реформалау мәселелері жөніндегі заң жобасын әзірлеп, қазір ол Парламент Мәжілісінде қаралып жатыр.

Өзгелердің жаңалығы