ИИДМ басшылығы Көлікті үйлестіру комитетінің арнайы отырысына қатысты

31 Қазан 2022, 19:46
641
Бөлісу:
ИИДМ басшылығы Көлікті үйлестіру комитетінің арнайы отырысына қатысты

Түркі мемлекеттері ұйымының Хатшылығы Ташкентте «Көлікті үйлестіру комитетінің» арнайы отырысын өткізді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Алқалы жиында Қазақстан, Әзірбайжан, Қырғызстан, Түркия, Өзбекстан, Венгрия және Түркменстанның құзырлі ведомстволарының басшылары бас қосты. Отырысқа еліміздің атынан Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Алмаз Ыдырысов бастаған делегация қатысты.

Вице-министр Түркі кеңесіне мүше елдер арасындағы автомобиль көлігі саласындағы ынтымақтастық артып келе жатқандығын атап өтіп,  көлік-логистикалық кешеннің дамуы – экономикалық және сыртқы сауда байланыстарының маңызды құрамдас бөлігі екендігін айтты. Сондай-ақ Алмаз Ыдырысов елдер арасындағы байланыссыз сыртқы сауданы және мультимодальды көлік жүйесін дамыту қажеттігіне тоқталды. 

Басқосу барысында Транскаспий халықаралық көлік дәлізі бойындағы көлік-транзиттік операциялар және Каспий теңізінде жүк паромдарымен тасымалдауды бірлесіп іске қосу мәселесі де талқыланды. Бұдан бөлек,  «ТМҰ мүше-мемлекеттері арасындағы халықаралық аралас жүк тасымалы туралы келісім» жобасы назарға алынды.

Осы орайда айта кетерлігі, ұйымға мүше мемлекеттердің басшылары өткен жылды қорытындылап, келесі жылға қойған мақсаттарды айқындау үшін Түркі мемлекеттері ұйымы жыл сайын белгілі бір тақырыптар бойынша саммиттер өткізуді дәстүрге айналдырған болатын. 2021 жылы 12 қарашада Ыстамбұл қаласында өткен 8-ші Саммит барысында ұйымға мүше мемлекет басшылары сауда-экономикалық ынтымақтастықты одан әрі дамыту үшін көлік және транзит мәселелерінің маңыздылығын атап өтті. Сонымен қатар жиында Транскаспий халықаралық «Шығыс-Батыс» дәлізін тиімді және кедергісіз бағытқа айналдыру мақсатында қолайлы жағдай жасауды әкімшілік рәсімдерді жеңілдетуді жалғастыру туралы уағдаластыққа қол жеткізілген-тін. 

Өзгелердің жаңалығы