ИИДМ көлік және автожол саласындағы МЖӘ жобаларын қолдайды

1 Қараша 2019, 20:05
1831
Бөлісу:
ИИДМ көлік және автожол саласындағы МЖӘ жобаларын қолдайды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Мемлекеттік-жекешілік әріптестіктің алғашқы инвестициялық форумы аясында қазақстандық және халықаралық сарапшылар мемлекеттік-жекешілік әріптестіктің, соның ішінде, көлік және инфрақұрылымдық даму саласындағы әріптестіктің мәселелері мен перспективаларын талқылады.

ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Автомобиль жолдары комитеті төрағасының орынбасары Сатжан Аблалиев халықаралық және отандық сарапшыларға 2015-2019 жылдарға арналған "Нұрлы жол" мемлекеттік бағдарламасын іске асыру барысының қорытындылары туралы айтып, аталмыш бағдарлама аясындағы міндеттерді орындаудың алдағы бес жылға арналған жоспарларымен бөлісті.

Көлік және автомобиль жолдары саласында мемлекеттік-жекешілік әріптестік механизмі бар жобаларды жүзеге асыру ісіне ерекше көңіл бөлінді.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі жеке серіктестердің инвестицияларын тарту ісіне ерекше көңіл бөледі. Мемлекеттік-жекешілік әріптестіктің артықшылықтары туралы айтудың да қажеті жоқ. Мемлекет пен бизнес арасындағы ынтымақтастықты нығайту аса маңызды,  – деп атап өтті С. Аблалиев.

Айта кетейік, шараға Корея, Түркия, Ресей сияқты елдердің жеке және мемлекеттік секторы мен халықаралық ірі қаржы институттарының өкілдері қатысты.

МЖӘ форумы тәжірибе алмасу мен жаңа инвестициялық мүмкіндіктерді тудырудың диалогтық алаңына айналды. Осы ретте, Автомобиль жолдары комитеті төрағасының орынбасары тараптарды Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің жобаларына қатысуға шақырды.

Өзгелердің жаңалығы