Қазақ даласындағы «Гогольге татитын драма». Мақсат Ұлыбританияға қалай жеткізілді?

20 Қаңтар 2019, 12:20
4558
Бөлісу:
Қазақ даласындағы «Гогольге татитын драма». Мақсат Ұлыбританияға қалай жеткізілді?

Photo: © thesprucepets.com

Түркіменстан президенті Ниязовтың Джон Мейджордың елу жасқа толу құрметіне сыйға тартқан ақалтеке жылқысы Ұлыбританияға біршама қиындықтармен жеткізілген. Baq.kz ақпарат агенттігі назарыңызға The Independent, The Guardian басылымдарында жарияланған мақалалар негізінде оқиға туралы еркін аударма материал ұсынады.

1993 жылдың басында Түркіменстанның сол кездегі президенті Сапармұрат Ниязов ресми сапармен Ұлыбританияға барып, мемлекеттің үкімет басшысы Джон Мейджормен кездеседі. Кездесу барысында Сапармұрат Ниязов қалтасынан жылқының суретін алып шығады да, суретте Мақсат есімді асыл тұқымды ақалтеке бейнеленгенін және оны премьер-министрге сыйға тартатынын айтады. The Independent басылымының жазуынша, ол кезде Джон Мейджор бұл сыйлыққа еш мән бермейді, себебі ол ат спортына мүлдем қызықпаған және Үкімет ережелері бойынша - сыйлықты бәрібір өз меншігінде қалдыра алмаған.

Мақсат есімді ақалтеке сәйгүлік Түркіменстанда болған және оны сыйлық иесі өзі алып кетуі тиіс екен. Бұл туралы Лондон ұзақ ойланады, ал Сапармұрат Ниязов өзі сыйға тартқан жылқыны иесі әлі алып кетпей жатқанына үнемі алаңдап отырады. Ақыры Лондон тарапы жылқыны Ресей арқылы алып кетуге бекінеді. Жақында Ұлыбританияның дипломатиялық архивінен шығарылған құжаттардан ақалтекені Лондонға апару барысында дипломаттардың посткеңестік кеңестікте қандай кедергілерге тап болғаны белгілі болды.


Embed from Getty Images


Жылқы Қазақстанда қолды бола жаздады

Сәйгүлікті Лондонға алып кету жоспары дипломаттарға оңай көрінеді. Түркіменстан жағы жылқыны Ресейге дейін апарып беретін болады. Сол жерден Russian Horse Society ұйымының басшысы Рой Меддес Ұлыбританияға жеткізіп беруге бекінеді. Ал Мәскеудегі елшілік құжаттар жағын шешетін болып келіседі.

Дегенмен, Daily Mirror басылымы Меддестің алаяқтық бойынша сотталғанын анықтап, бұл біршама проблема туғызады. Газеттер Үкіметтің осындай алаяқтармен бірге қызмет істеуге келіскенін сынап, келемеждей бастайды. Дегемен, шенеуніктер бұл істі соңына дейін Меддеске тапсыратынын айтады.

Ақалтеке, Франция президенті Франсуа Миттеранға сыйға берілген тағы бір жылқымен бірге Түркіменстаннан Мәскеуге - Қазақстан арқылы төрт күнде жеткізіледі. Жолда Қазақстандағы стансалардың бірінде бандиттер жылқыларды ұрламақ болады. Бірақ олардывагонның ішінен шығара алмаған соң, қауындарды алып, өз жайларына кетеді.

Мәскеуде құжатпен қиындықтар туындайды

Жылқы Мәскеуге жеткізілген соң басқа қиындықтар басталады. Дипломаттар кедендік кеңседе жылқылардың құжаттарын реттемек болып, сағат 13:00-де сол жерге барады.

«Біз кеңсеге барсақ, ол жерде хатшы қыз бен екі иттен басқа ешкім жоқ екен. Ол бізге екі сағаттан кейін түскі үзіліс біткен соң келуімізді сұрады. Оған бірнеше күн бойы вагонда тұрған жылқылар туралы айтып едім, оның жаны ашып, бізге көмектесетін болды»,  дейді елшіліктің сол кездегі қызметкері Брэди.

Кедендік құжаттар дайындалған соң дипломаттар жылқылар тиелген вагон тұрған стансаға барады. БірСол жерде тағы 8,5 мың доллар төлеу керектігін естиді. Келісім бойынша барлық шығынды Түркіменстан тарапы жабу керек болады, ал кеден қызметкерлері олар төлеген ақшаның жетпейтінін айтады.

«Сол кезде Түркіменстанға қайтармайтын тағы бір вагон бар екені есіме түсті. Кеден қызметкерлерімен бір келісімге келдік, бірақ сағат 17:00 болып, жұмыс уақыты аяқталды. Ал біздің шаруамыз ертеңге қалды», дейді Брэди.

Келесі күні қызметкерлер дипломаттарға жылқыларды алып кете алмайтындарын айтады. Жылқылар стансада бір тәуліктен артық уақыт тұрған соң, оларды ветеринар тексеру керек болады.

«Біз ветеринар кеңсесіне келдік. Ол батареясы жөнді жұмыс істемейтін калькулятормен бірдеңе есептеп отырды. Сандар өшіп қалса, ол бәрін басынан бастайтын. Осылайша бір сағат тұрдық. Соңында ол кабинетінен шықпастан барлығы жақсы деген қағазға қол қойып берді», дейді Брэди.

«Осымен барлығы дайын шығар деп ойлап едім. Бірақ біз Түркіменстаннан келген жолсеріктердің вагоннан картоп, жуа, сары қауын толған қаптарды шығарып жатқанын көрдік. Олардың айтуынша, валютамен қиындықтар болғандықтан, оларға ақша берілмеген және Ашхабадқа жету үшін осы қаптарды Мәскеуде сататын болған», дейді Брэди. Оның айтуынша, сол жерде жылқылардың алынғанын растайтын шенеунік вагонның ішін көріп, лас вагонды қабылдамайтынын айтқан.

«Ол жылқының көңіне толып қалған лас вагонды қабылдамайтынын айтты. Оны біз тазалап беру керек екенбіз. Ал көңді стансадағы қоқыс жәшіктеріне тастауға болмайтыны тағы бар. Қасымыздағы француз атташе сол жерде есі шықты. Ал мен, тіпті, өзім тазалауға дайын болдым. Бірақ, бақытыма орай, тепловоз машинисі ақысына бірнеше сары қауын алып, вагонды біршама жерге жерге апарып берді. Көзден таса жерде біз жылқы көңін темір жол жиектеріне лақтырып кеттік. Жылқыларды стансадан уақытша карантинге жібердік», дейді елшілік қызметкері.

Ақалтеке әскери квалерияға өтпей, салтанатты жиындарға жарамаған

Мейджордың хатшысы болған Родерик Лайн келіп жатқан хаттарды оқып, бұл оқиғаны «Гогольге татитын драма» деп атады. Ал 1994 жылдың қысында аман-есен Лондонға жеткізілген сәйгүлік Мақсат әскери кавалерияға жарамай қалған соң, Уэльске жіберіледі. Сәйгүлік сол жерде түрлі атжарыстарға қатысып, жүлделі орындар алып жүреді. Сол жылдары жылқыны қабылдап алған Лорна Винн-Джонс WalesOnline басылымына берген сұхбатында «Мақсат маған 1996 жылы келді. Оның денсаулығында проблемалар болды және өте көңілсіз еді. Аз ғана уақыттан соң ол мықты, өзіне сенімді тұлпарға айналды...»,  депті.

Ал Джон Мейджор сұхбаттарының бірінде: «бұл жылқының бағасы бізге алуға рұқсат етілген сыйлықтардың бағасынан асып түсетін, сондықтан оны өзіме қалдыра алмайтын едім. Тіпті, жылқыны өзіме қалдырсам да, бақшамда ат қораның тұрғанын елестете де алмаймын», депті.

Жақында (2018 жылы - ред. BAQ.KZ) Ұлттық архив жариялаған бұл хаттар сол кездері «құпия» деген жазумен жіберіліп отырғанымен, қазір бұл оқиғалар Сыртқы істер министрлігінің ең күлкілі әрі қызықты оқиғалары қатарынан орын алған. Ал Брэди болса бұл дипломатиядағы ең «ақылға қонбайтын» тапсырма болғанын айтқан.

Алтынай Қуанышбек, BAQ.KZ

Өзгелердің жаңалығы