ХҚКО жұмысын бағалау жүйесі іске қосылды

10 Қараша 2020, 14:23
1731
Бөлісу:
ХҚКО жұмысын бағалау жүйесі іске қосылды

Алматы, BAQ.KZ.  «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы QR кодын пайдалана отырып, Халыққа қызмет көрсету орталықтары жұмысының сапасын бағалау жүйесін іске қосты. 

Келушілер оның көмегімен қызмет көрсету процесі, мәдениеті және бөлімнің инфрақұрылымы сияқты жайттар бойынша өз пікірлерін қалдыра алады. Бүгінде 500-ден астам азамат бұл тәсілді қолданып, халыққа қызмет көрсету бөлімдерінің жұмыс сапасын бағалап үлгерді.

Қызмет алушылар еліміздегі 339 бөлімде, оның ішінде Алматыдағы 15 бөлімде  QR коды орнатылған стендтерді таба алады. QR кодты оқып-танитын қосымшаны пайдалану арқылы клиенттер смартфондағы сауалнама парағына бірден өтеді. Азаматтар онда оператордың жұмысына көңілі толғанын, қызметті алу ыңғайлы болған/болмағанын, қажет ақпаратты ала алғанын айтып бере алады. Сонымен қатар қызмет алушылар өздерінің тілек-пікірлерін фронт-офис фотосуретін немесе бейнесін жүктеу арқылы да білдіре алады, - делінген хабарламада.

Аталған кері байланыс келушілердің мемлекеттік корпорацияның қызметі туралы пікірін білу және олардың қанағаттану деңгейін анықтау үшін қажет. Сондай-ақ сауалнама нәтижелері бөлімдердегі кемшіліктерді анықтауға және оларды жедел жоюға мүмкіндік береді.

Айта кетейік, сауалнама сұрақтарына мемлекеттік корпорацияның gov4c.kz ресми интернет-ресурсындағы «Кері байланыс» бөліміне өту арқылы да жауап беруге болады.

Өзгелердің жаңалығы