Оқушыларға діни киім киюге рұқсат беретін жекеменшік мектептер лицензиясынан айырылуы мүмкін. Бұл туралы Үкіметте өткен брифингте Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Біз бұл мәселемен жұмыс істеп жатырмыз, бізбен бірге Ұлттық қауіпсіздік комитеті де бар. Сонымен бірге әкімдіктермен, жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп отыратын үлкен комиссия бар, – деп жауап берді министр.
Министрдің айтуынша, елімізде бірыңғай мектеп формасының стандарттары бар. Сонымен қатар білім берудің зайырлы сипатын қатаң сақтау қажет.
Ведомство басшысы өткен жылы жеке мектептерде мұндай жағдайлар кездескенімен, биылғы оқу жылында ешқандай заңбұзушылық тіркелмегенін, бірде-бір мектептің хиджаб киюге жол бермей отырғанын атап өтті.
Сүлейменова егер жекеменшік мектеп хиджаб киюге рұқсат беретін болса, лицензиясынан айырылатынын қатаң ескертті.
Еске сала кетейік, Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова Үкімет отырысынан кейін журналистерге ата-аналар чатындағы қарым-қатынас тәртібі туралы үндеуін түсіндірген еді.
Сондай-ақ, министр оқушының шаш бояуы мен маникюріне тыйым салу орынды ма деген сұраққа жауап берді.
Тағы оқи отырыңыз: «Қыркүйек» пе, әлде «қыргүйек» пе? Сүлейменова даулы сөзге қатысты пікір білдірді