Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова Үкімет отырысынан кейін журналистерге ата-аналар чатындағы қарым-қатынас тәртібі туралы үндеуін түсіндірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Еске салайық, бұған дейін министр әлеуметтік желіде ата-аналар чатындағы байланыстың баршаға түсінікті әрі әділ тәртібі болуы керектігін айтқан еді.
Министрдің сөзінше, үндеудің негізгі мақсаты – ата-аналарды мұғалімдердің күнделікті жұмыс жүктемесіне назар аударуға шақыру.
Кешегі үндеуімде ата-аналарды бір сәт ұстаздардың орнына өздерін қойып көруге шақырдым. Мұғалімдердің жұмыс жүктемесіне, функционалдық міндеттеріне және балаларға сапалы білім беру үшін атқаратын еңбегіне назар аударғым келді. Бұл – өте өзекті мәселе. Өйткені мұғалім орта есеппен күніне алты сағат сабақ өткізеді. Бастауыш сынып мұғалімдерінің жүктемесі бұдан да көп. Ал емтихан тапсыратын сыныптарға сабақ беретін ұстаздардың жауапкершілігі тіпті жоғары, – деді Жұлдыз Сүлейменова.
Оның айтуынша, балаға қатысты шұғыл немесе маңызды жағдай туындаса, педагогтер ата-аналармен байланысып, мәселені шешуге дайын.
Сабақ аяқталғаннан кейін де ата-аналардың шұғыл әрі маңызды сұрағы туындауы мүмкін. Мұндай жағдайда ұстаздар міндетті түрде хабарласып, мәселені шешеді. Алайда болмашы, кейінге қалдыруға болатын мәселелер бойынша мұғалімдерді мазаламау қоғамдық әдеп пен өзара құрметтің нормасына айналуы қажет, – деді министр.
Жұлдыз Сүлейменова барлық мектепке ортақ нақты уақыт белгілеу оңай емес екенін де атап өтті. Себебі кейбір білім беру ұйымдарында екінші ауысымдағы сабақтар кешкі уақытқа дейін жалғасады.
Бұл сағат 18:00-ден кейін болуы керек пе деген сұрақ туындайды. Кейбір мектептерде екінші ауысым сағат 22:00-де ғана аяқталуы мүмкін. Сондықтан менің негізгі үндеуім – ұстаздардың да жеке өмірі мен белгіленген жұмыс уақыты бар екенін ескеру. Олар келесі күнгі сабаққа дайындалып, тынығып, күш жинауы қажет. Осы мәселені қоғам мен ата-аналардың назарына жеткізгім келді, – деді Оқу-ағарту министрі.
Айта кетейік, Қазақстанда жоғары сыныптардағы БЖБ мен ТЖБ қайта қаралады.
Тағы оқи отырыңыз:
«Мұғалім сабақты тік тұрып өткізеді»: Бас ұстаз желіде қызу талқыланып жатқан мәселеге пікір білдірді
Халықаралық біліктілігін растаған педагогтер үшін аттестаттау жеңілдетілуі мүмкін