Хартияда көрсетілген нормалар ҚРКФ принциптерімен сәйкес келеді – Күнәділов

28 Желтоқсан 2020, 16:46
1333
Бөлісу:
Хартияда көрсетілген нормалар ҚРКФ принциптерімен сәйкес келеді – Күнәділов

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Қазақстан Кәсіподақтар федерациясының өкілі Төлеген Күнәділов ҚРКФ республикалық штабының және кәсіподақ бақылаушыларының адал және ашық сайлауды қамтамасыз ету аясындағы жұмысының нәтижелерімен бөлісті.

6 қарашада Кәсіподақтар федерациясы өзінің отырысында келе жатқан сайлау науқанына байқаушы ретінде қатысу туралы шешім қабылдаған болатын. 

Кәсіподақтар федерациясы еліміздегі ең ірі қоғамдық ұйымдардың бірі ретінде сайлау процесін әділ және адал өткізуін екі миссиямен қадағалайтын болады. Қысқа мерзімді миссиясы – ол сайлау күні сайлау учаскесінде барлық заңнамаға сәйкес сайлау үрдістерін бақылау. Ал ұзақ мерзімді миссиясы – бұл бүкіл жұмыс берушімен, партия өкілдерімен кездесу жұмыстарын өткізу. Яғни жұмыс берушілер тарапынан жұмысшыларға қысым көрсету жағдайларын болдыртпау. Сондай-ақ, қандай да бір жұмысшыларға партияға мәжбүрлеп дауыс беру жағдайларын алдын алу мақсатында үлкен іс-шаралар жүргізіп жатыр, - деді Төлеген Күнәділов.

Ол Федерация 10 желтоқсанда бейпартиялық орталық ашу ниетіне қосылып атсалысқанын жеткізді. 

Бүгін сайлауда әділ және адал бақылау туралы Хартияға қосылуға ниет білдіріп отыр. Себебі, Хартия мәтінінде кандидаттарды сайлау мақсатында қызметтік немесе лауазымдық жағдайының артықшылықтарын пайдалануға құқығы жоқ екенін ескере отырып, сайлау процесіне қатысушылардың тең мүмкіндіктері мен құқықтарының сақталуына қоғамдық байқау жүргізу туралы айтылған. Яғни құжатта көрсетілген нормалар Федерация принциптерімен сәйкес келіп отыр. Сондықтан Кәсіподақтар федерациясы Хартияға қосылу туралы шешім қабылдады, - деді Кәсіподақтар федерациясының өкілі.

Сондай-ақ, оның айтуынша, өңірлерде штабтар құрылған. Федерация штабында жедел желі ашылған. 

Айта кетейік, елімізде 2 млнға жуық Кәсіподақтар мүшесі бар. Ал 7 мыңнан астам Кәсіподақтар мүшесі сайлау науқанына байқаушы ретінде қатысады.

Өзгелердің жаңалығы