Халықтың мүддесін қорғауда. Ұлттық қауіпсіздік комитеті 30 жылдығын атап өтті

13 Желтоқсан 2022, 15:24
2196
Бөлісу:
Халықтың мүддесін қорғауда. Ұлттық қауіпсіздік комитеті 30 жылдығын атап өтті

Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітов басқа да жоғары лауазымды азаматтармен бірге Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Жамбыл облысы бойынша департаменті қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Тәуелсіздік дәуіріндегі 30 жыл ішінде ұлттық қауіпсіздік органдарының қызметкерлері қыруар жұмыс атқарды. Мереке қарсаңында өңірде бірқатар еске алу шаралары өтті, соның ішінде «Баласағұн» орталық концерт залында салтанатты жиын ұйымдастырылды.

Аймақ басшысы Нұржан Нұржігітов ҰҚК Жамбыл облыстық департаменті қызметкерлерінің мемлекет пен азаматтардың мүддесін қорғау, қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі рөлі орасан зор екенін атап өтті.

Ұлттық қауіпсіздіктің күзетінде күндіз-түні жүрген барлық қызметкерлерді мерекелерімен құттықтаймын. ҰҚК қызметтері жұмыс істеп келе жатқан 30 жыл ішінде маңызды стратегиялық және тактикалық міндеттер орындалып, Тәуелсіз Қазақстанның бүкіл тарихында әрқашан халықтың заңды құқықтары мен мүдделері қорғалумен келеді. Бұл күні қызметтік борышын өтеу кезінде қаза тапқан қызметкерлерді еске алуға міндеттіміз. Ұлттық қауіпсіздік комитетінің тарихы шынайы ерлік пен жанқиярлықтың көптеген үлгілерін көрсетті, ержүрек батырлардың есімдері біздің жүрегімізде мәңгі сақталады. Ұлттық қауіпсіздік органдарының қызметкерлері өз борышы мен Отанына адалдықтарын талай мәрте паш еткен. Олар кәсіби шеберліктерімен, батылдықтарымен және Отанға деген риясыз сүйіспеншіліктерімен ерекшеленеді, - деді аймақ басшысы.

Департамент қызметкерлеріне Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы, ұлттық қауіпсіздік генерал-лейтенанты Ермек Сағымбаевтың атынан құттықтаулар оқылды. Жиынға қатысушыларға құттықтау сөзін Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Жамбыл облысы бойынша департаментінің басшысы Нұрлан Кәрібжанов та жеткізді. Ол 30 жыл ішінде ҰҚК көп функциялы, мобильді және техникалық жабдықталған құрылымға айналғанын атап өтті.

Еліміздің қалыптасуының барлық кезеңдерінде орын алған қиындықтарға қарамастан, қызметкерлер өздеріне жүктелген міндеттерді абыроймен атқарды. Қазіргі жағдайда Ұлттық қауіпсіздік комитетіне барлау, қарсы барлау, Мемлекеттік шекараны қорғау, конституциялық құрылысты қорғау, экономикалық, ақпараттық және киберқауіпсіздікті қамтамасыз ету, сондай-ақ терроризмге, экстремизмге, есірткінің заңсыз айналымына қарсы күрес және ұйымдасқан қызмет функциялары жүктелген, - деді Н.Кәрібжанов.

Мерекелік шарада сала ардагерлері мен еңбегі сіңген қызметкерлеріне құрмет көрсету рәсімі өтті. Олар медальдармен және грамоталармен марапатталды.

Әсел Мұратбекқызы

Өзгелердің жаңалығы