Халықтың басым бөлігі кедей. Депутат Қазақстанда кедейлік шегін арттыруды ұсынды

2 Ақпан 2022, 12:36
1688
Бөлісу:
Халықтың басым бөлігі кедей. Депутат Қазақстанда кедейлік шегін арттыруды ұсынды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында депутат Ерлан Саиров Премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжановқа Қазақстанның басты әлеуметтік проблемасының – халықтың басым бөлігінің кедейлігі туралы мәселені көтерді.

Дүниежүзілік банк әлемдегі кедейліктің екі шегін қарастырған: табысы орташадан төмен елдер үшін күніне бір адамға 3,2 АҚШ доллары, табысы орташадан жоғары елдер үшін 5,5 АҚШ доллары. Ал Қазақстанда ең төменгі күнкөріс деңгейі 2,8 долларды құрайды, Ресейде күніне 6 доллар. Ең төменгі күнкөріс деңгейі өте төмен болғанның өзінде, 2021 жылы табысы күнкөріс деңгейінен төмен адамдар саны – ресми түрде 998 мың адам болды. Ал бейресми сарапшылар бұл көрсеткіштің 1,5 млн не одан да  жоғары екендігін айтады, - деді ол.

Депутаттың айтуынша, халықтың жаппай кедейлігі мемлекетке өте қымбатқа түседі.

Ішкі жалпы өнімнің еселеп өсуіне қарамастан, Қазақстан ондаған жылдар бойы кедейлік шегін көтермей келеді. Бүгінде Қазақстан ең төменгі күнкөріс деңгейі әлемдегі ең төмен елдердің бірі және Нигерия, Ангола, Венесуэла, Габон сияқты елдердің деңгейінде тұр. Ал Еуропалық елдерде кедейлік орташа табыстың 60%-ы деңгейінде белгіленеді, - дейді Ерлан Саиров.

Сонымен бірге пандемия басталғаннан бері тұрмысы төмен үй шаруашылықтарының қаржысына нұқсан келтіретін инфляцияның өсуіне байланысты әлеуметтік төлемдердің тиімділігі төмендеді. 

Қазақстанда халықтың ең аз қамтылған 40 пайызы өз бюджетінің 59 пайызын азық-түлік өнімдеріне жұмсайды. Кей кездері бұл көрсеткіш одан да жоғары. Елімізде азаматтардың төмен әлеуметтік жағдайының екі индикаторы бар - ең төменгі күнкөріс шегі және кедейлік шегі. Кедейлік шегі ең төменгі күнкөріс шегінің 70 пайызын, яғни 36 мың теңгені құрайды. Бұл ертедегі Үкіметтердің халыққа ақшаны аз төлеу үшін істеп қойған «қулығы». Яғни әлеуметтік көмек алғың келсе, «сіңір кедей» болуың керек, - деп айтты ол.

  Айтуынша, 2020 жылы бағаның тұрақты өсуіне байланысты әлеуметтік көмекке  сұраныс өсіп, зәру адамдардың саны артса да, атаулы әлеуметтік көмекпен қамтылған адамдардың саны азайған.

Nur-Otan партиясының фракциясы кедейлікпен  күресу үшін Үкімет мынадай шаралар қарастыруы ұсынды:

1. Елдегі жалпы ішкі өнім деңгейіне, халықаралық стандарттарға сәйкес Қазақстанда кедейлік шегін арттыру. Қоғам ішіндегі кедейлік туралы көзқарасқа сәйкес келетін кедейліктің жаңа анықтамасын енгізу.

2. Ең төменгі күнкөріс шегі мен кедейлік шегін біріктіре отырып, ең төменгі күнкөріс шегін арттыру.

3. Екі ең төменгі жалақы мөлшерінде табыс алатын азаматтарды жеке табыс салығынан босату.

4. Ең төменгі жалақыны жыл сайын индексациялау мәселесін шешу.

5. Ең төменгі жалақы алатын азаматтардың жұмыссыздық бойынша сақтандыру сомасын арттыру арқылы  сақтандыру жүйесін жетілдіру.

Өзгелердің жаңалығы