- Мұқаба
- Жаңалықтар
- Уран, мұнай, ұшақ пен автокөлік: Қазақстан мен АҚШ не саудалайды?
Уран, мұнай, ұшақ пен автокөлік: Қазақстан мен АҚШ не саудалайды?
Қазақстан АҚШ-қа негізінен мұнай, уран, күміс және металдар сатады.
19 Қараша 2026, 07:30
Қазақстан АҚШ-қа негізінен мұнай, уран, күміс және металдар сатады. Ал Америкадан ұшақ, автокөлік, қозғалтқыштар мен дәрі-дәрмек сатып алады. Екі ел арасындағы саудада қандай өзгерістер бар және АҚШ енгізген қосымша баж салығы қазақстандық кәсіпорындарға қалай әсер етеді? BAQ.KZ тілшісі Сауда және интеграция министрлігіне ресми сауал жолдап, осы мәселелерге қатысты жауап алды.
АҚШ Қазақстаннан қандай тауарлар сатып алады?
Сауда және интеграция министрлігінің BAQ.KZ тілшісіне берген жауабына сәйкес, Қазақстан АҚШ-қа мұнай, уран, күміс, ферроқорытпа және сирек металдар экспорттайды. Министрлік келтірген деректер бойынша, Қазақстанның АҚШ-қа экспорты 1,03 млрд долларды құраған. Америка қазақстандық тауарлар жеткізілетін елдер арасында 16-орында тұр. Оның жалпы экспорттағы үлесі – 1,3%.
АҚШ-қа ең көп сатылатын өнім – шикі мұнай. Оның құны - 361,4 млн доллар. Бұл Қазақстанның аталған елге экспортының 35%-ына тең. Екінші орында уран тұр. Қазақстан Америкаға 286 млн доллардың уранын жеткізген. Үшінші орында – 177,8 млн доллармен күміс. Сондай-ақ АҚШ-қа 110,6 млн доллардың ферроқорытпасы және 20,2 млн доллардың танталы мен одан жасалған бұйымдары экспортталған. Осы бес тауардың үлесіне АҚШ-қа жеткізілетін қазақстандық өнімдердің жалпы құнының 92,7%-ы тиесілі.
Бұлардан бөлек, Қазақстан Америкаға титан, түрлі газдар, бидай желімшесі, зергерлік бұйымдар мен өнеркәсіпте қолданылатын құрал-жабдықтар сатады.
Мұнай азайып, уран мен күміс экспорты өсті
Екі ел арасындағы саудада елеулі өзгерістер де байқалады. Мәселен, Қазақстаннан АҚШ-қа мұнай жеткізу құны 57,6%-ға төмендеген. Бұған дейін 852,7 млн доллар болған көрсеткіш 361,4 млн долларға дейін қысқарған. Ферроқорытпа экспорты да 54,6%-ға азайып, 110,6 млн долларды құрады. Ал титан мен одан жасалған бұйымдарды жеткізу 40,5%-ға төмендеген. Сирек металдардың кейбір түрлері бойынша да сауда көлемі қысқарған. Атап айтқанда, бериллий, хром, германий, ванадий, галлий және басқа да металдар мен олардан жасалған бұйымдардың экспорты 4,12 млн доллардан 520 мың долларға дейін азайған. Алайда басқа тауарлар бойынша өсім бар. Мәселен, АҚШ-қа уран экспорты 3,4 есе артып, 286 млн долларға жеткен. Күміс жеткізу 49,9%-ға өсіп, 177,8 млн долларға жеткен. Сондай-ақ тантал мен одан жасалған бұйымдардың экспорты 31,3%-ға, бидай желімшесін жеткізу 4,8 есе артқан.
Тағы бір өзгеріс – өңделген өнімдердің үлесі көбейген. Министрлік мәліметінше, олардың экспорттағы үлесі 21,1 пайыздық тармаққа өсіп, 64,9%-ға жеткен. Ал шикізат өнімдерінің үлесі 35,1%-ды құрады.
Қазақстан Америкадан не сатып алады?
Сауда қатынасы тек қазақстандық өнімдерді АҚШ-қа сатумен шектелмейді. Қазақстан да Америкадан түрлі тауарлар сатып алады. Экономикалық зерттеулер институтының мәліметінше, былтыр АҚШ-тан Қазақстанға әкелінген тауарлардың құны шамамен 2,2 млрд долларды құраған. Импортта ұшу аппараттары алдыңғы орында тұр. Олардың құны – 293,6 млн доллар. Одан кейін жеңіл автокөліктер келеді. Қазақстан Америкадан 267,3 млн доллардың көлігін сатып алған. Сонымен қатар АҚШ-тан 192,7 млн доллардың турбореактивті және турбовинтті қозғалтқыштары жеткізілген. Медицина саласына қажетті өнімдер де импортталады. Атап айтқанда, Қазақстан 77,3 млн доллардың дәрілік заттарын және 57,7 млн доллардың медициналық аспаптарын сатып алған. Осылайша, Қазақстан АҚШ-қа негізінен мұнай, уран және металдар экспорттаса, Америкадан көлік, техника, қозғалтқыштар мен медициналық өнімдер импорттайды.
АҚШ-тың қосымша баж салығы Қазақстанға әсер ете ме?
Биыл 24 шілдеден бастап АҚШ Қазақстаннан әкелінетін бірқатар тауарға 12,5% мөлшерінде қосымша баж салығын енгізді. Бұл шешім АҚШ-тың 1974 жылғы Сауда туралы заңының 301-бөлімі негізінде қабылданған. Алайда жаңа талап барлық қазақстандық тауарға бірдей қолданылмайды. Сауда және интеграция министрлігінің мәліметінше, 2026 жылдың алғашқы сегіз айындағы экспортты талдау нәтижесінде қазақстандық тауарлардың шамамен 97%-ы қосымша баж қолданылмайтын өнімдер тізімінде қалған.
Бұл Қазақстанның АҚШ нарығына тауар жеткізуіне қолайлы жағдайды сақтауға мүмкіндік береді.
Министрлік жаңа баж салығының отандық экспортқа әсерін бақылап отырғанын хабарлады. Сондай-ақ мемлекеттік органдармен және кәсіпорындармен бірлесіп жұмыс жүргізіп жатыр. Ведомствоның негізгі мақсаты – қазақстандық өндірушілердің мүддесін қорғау және олардың Америка нарығына шығу мүмкіндігін сақтау. Жалпы, екі ел арасындағы саудада шикізат пен өнеркәсіп өнімдері маңызды орын алады. Қазақстан үшін АҚШ – мұнай, уран және металдарды өткізетін нарықтардың бірі. Ал Америка қазақстандық нарыққа техника, көлік пен медициналық өнім жеткізеді.
Ең оқылған:
- Чип тапшылығы Қытайды америкалық AI технологияларын пайдалануға итермеледі
- Көлік нөмірін бантикпен жасырған жүргізуші полицияға ұсталды
- Францияда Apple компаниясына қарсы сот процесі басталады
- Шымкентте заңсыз кортеж ұйымдастырған бес жүргізуші жауапқа тартылды
- Астанада жыл басынан бері 2 мыңнан астам жол апаты болған
Олжас АДАЙ