Халықтан ешкім жоғары тұра алмайды. Әшімбаев қазақстандықтарды сайлауға баруға шақырды

19 Наурыз 2023, 09:16
1218
Бөлісу:
Халықтан ешкім жоғары тұра алмайды. Әшімбаев қазақстандықтарды сайлауға баруға шақырды
Фото: Арман Мухатов

Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев сайлауда өз таңдауын жасап, қазақстандықтарды дауыс беруге баруға шақырды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Сенат спикері бүгін еліміз үшін маңызды күн екенін айтты.

Республика бойынша Мәжіліс және мәслихат депутаттарын сайлау өтіп жатыр. Осы сайлау саяси реформалар енгізудегі маңызды кезең. Яғни бүгінгі науқан жаңарған заңнаманың негізінде өтіп жатқанын білесіздер, - деді ол.

Әшімбаев былтыр жалпыхалықтық референдум өтіп, Ата заңға үлкен өзгерістер енгізілген еске салды. Сонымен қатар бірқатар заң қабылданды.

Сайлауда жоғары белсенділік барын көріп отырсыздар. Сайлаудың жаңашылдығының бірі - бірмандаттық округтердің енгізілуі. Осындай өзгерістерді қоғамның жақсы қабылдап жатқанын көріп отырмыз. Сайлауға қатысып жатқан саяси партиялар үгіт-насихат жұмыстарын белсенді жүргізді. Бірмандаттық округтер бойынша да көптеген азамат өздерін ұсынды. Яғни өте үлкен бәсеке байқалады, - деді спикер.

Айтуынша, мұның барлығы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жариялаған саяси реформаларының саяси жүйемізді өзгертуге бағытталған қадамдарының өте өзекті, уақытылы және халықтың сұрауына толықтай жауап беретінін көрсетеді.

Сонымен қатар сайлаудың ашық, әділетті және заңнама негізінде өткізілуін Президентіміз айтқан болатын. Соған байланысты барлық органдар тиісті жұмыстарды істеді. Сондықтан сайлау толықтай заңнаманың және халықаралық стандарттардың негізінде ашық өтеді деп ойлаймыз. Сайлауда бақылау үшін шетелдерден көптеген байқаушы келді. Олар сайлаудың ашық, әділ өтуіне өз үлестерін қосады, - деп айтты Сенат төрағасы.

Әшімбаев қазақстандықтарды өз таңдауларын жасауға шақырды.

Барлық сайлаушыны сайлау учаскесіне келіп, дауыс беруге шақырамын. Елімізде биліктің қайнар көзі - ол халық. Халықтан ешкім жоғары тұра алмайды. Сол себепті бүгін халық өз таңдауын жасауы керек. Осылайша азаматтарымыз еліміздің демократиялы мемлекет ретінде қалыптасуына өздерінің үлесін қосады деп сенеміз, - деді ол.

Сондай-ақ Сенат төрағасы сенаторлар жаңа сайланған Мәжіліс депутаттарымен жұмыс істеуге дайын екенін жеткізді.

Бұған дейін Сенат төрағасының Ұлттық академиялық кітапханада жұмыс істеп тұрған сайлау учаскесінде дауыс бергенін хабарлаған болатынбыз.

Өзгелердің жаңалығы