Халықаралық құқық қорғаушылар Қазақстанның азаптаумен күрестегі жетістіктерін атады

Бүгiн, 09:49
165
Бөлісу:
Халықаралық құқық қорғаушылар Қазақстанның азаптаумен күрестегі жетістіктерін атады
Фото: Арман Мухатов - архив

Женевадағы БҰҰ бөлімшесінде Қазақстанның түрмелерде азаптау мен қатігез қарым-қатынасқа қарсы күрес жұмыстарының таныстырылымы өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ.

24.kz хабарлауынша, бұл арнайы шара БҰҰ-ның әмбебап мерзімді шолу аясында Қазақстанның Ұлттық баяндамасын қорғау алдында өтті.

Қазақстанда азаптау бойынша қылмыстық жауапкершілікке қатысты жеке бап енгізілді. Бұл бап тараптардың татуласуын, шартты түрде мерзімінен бұрын босатуды, рақымшылықты және қылмыстық жауапкершіліктің ескіру мерзімін қарастырмайды. Бұрын мұндай қылмыстар үшін айыппұл, 5 жылға дейін бас бостандығынан шектеу немесе айыру, ал жәбірленуші қайтыс болған жағдайда 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру қарастырылған болса, қазір бұл қылмыстар үшін жаза 12 жылға дейін бас бостандығынан айыруға күшейтілді.

Іс-шараны ашу барысында Қазақстанның Адам құқықтары жөніндегі уәкілі Артур Ластаев Қазақстанның бұл жұмыста нөлдік төзімділік принципін ұстанатынын ерекше атап өтті.

Азаптауларды тергеу бойынша ерекше өкілеттігі бар бір ғана мемлекеттік орган – прокуратура анықталды. Екіншіден, 45 мыңнан астам камера жабық мекемелерге орнатылды. Үшіншіден, түрме медицинасы Ішкі істер министрлігінен Денсаулық сақтау министрлігіне берілді. Сондай-ақ ұлттық-клиникалық протоколымыз Стамбұл принциптеріне сәйкестендірілді. Онда кез келген дене жарақатын дереу тіркеп, құқық қорғау органдарына, яғни прокуратура органдарына хабарлау талап етіледі, - деді Қазақстанның Адам құқықтары жөніндегі уәкілі Артур Ластаев.

2023 жылы осындай арыздардың саны екі есе азайып, 920-дан 462-ге түсті, ал өткен жылы бұл көрсеткіш 193 шағымға дейін қысқарды. Соңғы бес жылда азаптау үшін 165 лауазымды тұлға қылмыстық жауапкершілікке тартылды, олардың көпшілігі құқық қорғау органдарының бұрынғы қызметкерлері. Оның ішінде 144 адам бас бостандығынан айырылды.

Таныстырылым маған өте қызықты болды. Қазақстанның азаматтық қоғамы өз институттарын нығайтуға тырысып жатқанын білдік, бұл кез келген реформа үшін өте маңызды. Азаптауларға қарсы күрес саласындағы оң статистика да қуантады. Бұл бір ғана шара емес, жалпы оң нәтижеге ықпал еткен шаралардың үйлесімі, - дейді Еуропалық қоғамдық құқық ұйымы делегациясының басшысы Георгий Пападатос.

Өзгелердің жаңалығы