Халықаралық Олимпиада күні. Ерекше акция басталды

23 Маусым 2023, 14:07
868
Бөлісу:
Халықаралық Олимпиада күні. Ерекше акция басталды
Фото: Ұлттық Олимпиада комитеті

23 маусым – Халықаралық Олимпиада күні. Қазақстанның Ұлттық Олимпиада комитеті мен еліміздің спортшылары жыл сайын бұл күнді ерекше атап өтеді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Тіпті, 23 маусымда Олимпиада күнінде дүниеге келген нәрестелерді құттықтау дәстүрі де қалыптасқан.

Елімізде дәл осы күні дүниеге келген нәрестелерге арнап Ұлттық Олимпиада комитеті төртінші жыл қатарынан арнайы сыйлықтар дайындайды. Спортшылар қауымы биыл да бұл дәстүрді жалғастырып, «Олимпиада күнінде дүниеге келдім» атты акцияның басталғанын атап отыр.

Айта кетейік, еліміздің барлық өңіріндегі 240 перзентханаға 1500-ден астам сыйлық жиынтығын алдын ала жеткізуге Денсаулық сақтау министрлігі мен «Қазпошта» акционердлік қоғамы төртінші жыл қатарынан қолдау танытытып отыр.

Халықаралық Олимпиада күніне орай өтетін бірегей акцияны Ұлттық Олимпиада комитеті алғаш рет 2020 жылы ұйымдастырған. Содан бері бұл акция көптің көңілінен шығып, халықаралық деңгейде де мойындалған іс-шараның біріне айналды.

Аталмыш акцияны өткізудегі басты мақсат – жаңа туған нәрестенің анасына қуаныш сыйлау. Нәрестеге сыйға тартқан киімде «Olympian is born» (өмірге олимпиадашы келді) деген жазудың өзі жақсылыққа балаған ырым десе де болады. Бұл нәрестенің келешекте жеңіске деген ұмтылысын шыңдай түсеріне септігін тигізер естелік.

Акция аясында Олимпиада чемпиондары жыл сайын бейнебайланыс арқылы осы күні дүниеге келген нәрестеледің аналарын құттықтауды жақсы дәстүрге айналдырған. Акцияның ұйымдастырушыларының айтуынша, Олимпиада чемпиондары дүниеге келген нәрестенің анасымен хабарласып, еліміздің барлық спортшылар атынан құттықтап, тілек тілейді.

Бұл Ұлттық Олимпиада комитетінің бірегей әрі өте әсерлі акцияларының бірі. Бұл акция - Олимпиада қозғалысының идеологиясын дәріптейтін, үлкен спорттағы басты құндылықтарға назар аударуға ықпал етер іс-шараның бірі. Ұрпақ сабақтастығы, салуатты өмір салтына ұмтылу, жастарды спортқа баулу, ұлт саулығы жолында салауатты ұрпақ тәрбиелеудегі басты міндетіміз. Дүниеге енді ғана келген нәрестелердің анасына хабарласып, Олимпиада чемпиондарының нәрестенің болашағына тілек білдіруі осы идеяны меңзейді. Кез келген чемпионды жеңіске бала кездегі арманы жетелейтіні ақиқат. Баланың асқақ арманы орындалатынына спортшыларымыздың жеңіске жету жолы бірден-бір дәлел. Баланың алдында өмірде әртүрлі таңдау болары хақ, десе де нәресте дүниеге келгенде шын ниетпен айтылған тілектер орындалатынына сенімдімін, жақсы тілек баланың бойтұмарына айналады деуге де болады, - дейді Ұлттық Олимпиада комитетінің өкілдері.

Айта кетейік, Ұлттық Олимпиада комитетінің «Олимпиада күнінде дүниеге келдім» акциясын өткізу бастамасы 2021 жылы бүкіл әлем бойынша Халықаралық Олимпиада күнін атап өтудің ең бірегей үлгісі ретінде аталған.

Бұл акциядан бөлек, Халықаралық Олимпиада күнінде Астанада Триатлон паркінде атаулы күннің басты іс-шарасы ұйымдастырылып, еліміздің барлық өңірінде спорттық жарыстар өткізіледі.

Өзгелердің жаңалығы