Халықаралық мұсылман скауттар одағы Қазақстан жастарымен ынтымақтастыққа мүдделі

10 Қаңтар 2024, 22:10
424
Бөлісу:
Халықаралық мұсылман скауттар одағы Қазақстан жастарымен ынтымақтастыққа мүдделі
Фото: Сыртқы істер министрлігі

Қазақстан Республикасының Жидда қаласындағы Бас консулы – Қазақстан Республикасының Ислам ынтымақтастығы ұйымы жанындағы Тұрақты өкілінің орынбасары Р.Қоспанов Халықаралық мұсылман скауттар одағының (IUMS) штаб-пәтеріне барды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Сапар барысында Бас консул IUMS Бас хатшысы доктор Зухайр Гонейммен келіссөздер жүргізді. Ол Одақтың 2023 жылы өткізген іс-шаралары мен ИЫҰ көзқарасы мен мақсаттарына қол жеткізу шеңберінде ағымдағы жылы іске асырылуы жоспарланған бастамалар туралы хабардар етті.

Қазақстандық дипломат Одақтың ислам құндылықтарын ілгерілетудегі, ИЫҰ-ға мүше мемлекеттердің мұсылман жастары арасында өзара диалогты дамытудағы күш-жігерін құптады, сондай-ақ әртүрлі елдердің жастар өкілдері арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға Одақтың қосқан үлесіне жоғары баға берді.

Бас консул сұхбаттасушыны Қазақстанда жүргізіліп жатқан саяси және әлеуметтік-экономикалық реформалар туралы, сондай-ақ қойылған міндеттерді іске асырудағы жастардың өсіп келе жатқан рөлі туралы хабардар етті.

Өз кезегінде, IUMS Бас хатшысы Қазақстанның өңірдегі жетекші рөлін атап өтіп, қазақстандық жастарды тарта отырып, мәдени, исламдық және жалпыадамзаттық құндылықтарды ілгерілетуге және нығайтуға бағытталған бірлескен іс-шараларды ұйымдастыруға қызығушылық білдірді.

Осыған байланысты, З. Гонейм осы бағыттағы нақты ұсыныстарды қазақстандық тарапқа қарастыру үшін ұсынуға дайын екенін растады.

Айта кетейік, Халықаралық мұсылман скауттар одағы (IUMS) - 1992 жылы Пәкістанда құрылған және бүкіл әлем бойынша мұсылман скауттарын қамтитын скауттық ұйымдар мен қауымдастықтарды біріктіретін автономды ұйым.

Өзгелердің жаңалығы