«Халық қатысатын бюджет». Алматының қай ауданының халқы белсенді?

4 Қазан 2023, 16:27
826
Бөлісу:
«Халық қатысатын бюджет». Алматының қай ауданының халқы белсенді?

«Алматы қаласының Халық қатысатын бюджет» пилоттық жобасы енгізілгеніне биыл 4 жылдан асты. Тек осы жылдың өзінде халық тарапынан 5 449 ұсыныс түскен, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2023 жылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша Қазақстан халқының саны 19 855 767-ге жеткен. Соның ішінде Алматыда 2 183 914 адам тұрады. Мегаполисте қаланың дамуына үлес қосып келе жатқан тұрғындар саны көбейіп келеді. Ал олардың ұсынысын қағазбастылықсыз жеткізуге «Халық қатысатын бюджет» жобасы қолғабыс етуде.

Аталған жоба 2019 жылы тамызда іске қосылды. Оған «Алматы қаласының Стратегия және бюджет басқармасы» КММ «Алматы қаласын дамыту орталығы» АҚ-мен бірлесіп енгізді. Партисипативтік бюджет қағидаттарына негізделген жобаның басты мақсаты - қала тұрғындарының ұсыныстарын ескере отырып, Алматыны дамыту және абаттандыру болды. Аталған жобаның жұмысы budget.open-almaty.kz мамандандырылған порталында жалғасты. Бұл порталда өтінім беруден бастап дауыс беру қорытындысын шығаруға дейінгі процесс пысықталды.

«Халық қатысатын бюджет» жобасына өтінім беру үшін келесі кезеңдерден өту қажет:

I кезең – өтінімдерді қабылдау.

Ұсыныстар budget.open-almaty.kz порталы арқылы қабылданады. Ол үшін өтінімді егжей-тегжейлі толтыру керек.

II кезең – сараптамалық кеңестердің бағалауы

Әр аудан әкімдігі жанынан сараптамалық кеңестер құрылады. Оған депутаттар, Қоғамдық кеңес мүшелері, сәулетшілер, құрылыс саласы мамандары қатысады. Бұл кезеңде ұсыныстар жетілдіруге жіберілуі немесе тіптен қабылданбауы мүмкін.

III кезең – авторлардың ұсыныстарын жетілдіруі

IV кезең – жетілдірілген ұсыныстарды қарау

Ұсыныстарды қарастыру нәтижелері бойынша әкімдіктер ресми порталда қабылдау хаттамаларын орналастырады.

V кезең – дауыс беру

Жобаға қатысушылар budget.open-almaty.kz порталындағы «Дауыс беру» бөлімінде онлайн дауыс бере алады. ЭЦҚ немесе ЖСН (SMS коды) қажет болады.

VI кезең – қорытындылау

Тиісті әкімдіктер дауыс беру нәтижелері туралы хаттама жасап, порталға орналастырады.

VII кезең – бюджеттік өтінімдерді қалыптастыру

Жобалық ұсыныстарды іске асыруға арналған бюджеттік өтінімдерді аудан әкімдіктері қалыптастырады.

VIII кезең – жобалық ұсыныстарды жүзеге асыру 

Жобалық ұсыныстарды іске асыру нәтижелері туралы ақпаратты budget.open-almaty.kz порталының «Жоба материалдары» бөлімінде жарияланады.

Алматы қаласы әкімдігінің мәліметінше, 2019-2022 жылдар аралығында 14 млрд теңге сомасына 541 жоба іске асырылды. Мәселен 2020 жылы - 1,2 млрд теңгеге 49 жоба іске асырылса, 2021 жылы 5,4 млрд теңгеге 256 жоба өз нәтижесін көрсеткен.

Бұл деректер аталған жобаның қала тұрғындарының азаматтық белсенділігінің артқанын, сондай-ақ қаланы басқару процесіне тұрғындарды тартқанын көрсетеді. Бұдан бөлек бюджеттің ашықтығы мен есептілігі халықтың мемлекеттік қызметкерлерге деген сенімін арттыруға көмектесті.

2023 жылы «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасын іске асыруға бастапқыда 8,5 млрд теңге қарастырылған болатын. Кейіннен қосымша 7 млрд теңге бөлінді.

Осы жылы 20 қыркүйекте аталған жоба бойынша өтінімдерді қабылдау аяқталды. Қаланың тыныс-тіршілігіне бей-жай қарамайтын тұрғындардан 5 449 ұсыныс түсті. Атап айтқанда: Алмалы - 1 083, Алатау - 1020, Әуезов - 869, Жетісу – 844, Наурызбай – 658, Медеу – 364, Түрксіб - 344 аудандарының тұрғындары белсенділік танытты.

Өтінімдерді 9 бағыт бойынша қабылданды. Оның ішінде қаланы көгалдандыру, жарықтандыру, полигондарды жою және т. б. Халықтан түскен ұсыныстың 70%-ға жуығы балалар/спорт алаңдарын абаттандыруға қатысты болды.

Өзгелердің жаңалығы