Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің бірінші форумында айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Биыл Қазақстанның экспортқа 12 миллион тонна астық шығаруға мүмкіндігі бар. Бұл – өте көп өнім және зор жауапкершілік. Диқандардың өнімін сыртқы нарыққа шығаруға жан-жақты қолдау көрсету – Үкіметтің басты міндеті. Экспорттық әлеуетімізді арттыра түсу үшін әлемдік нарықта сұранысқа ие бағалы дақылдарды көбірек өсіру қажет. Сонымен бірге ішкі нарыққа өткізудің ұтымды жолдарын барынша пайдалану керек. Алматы, Астана, Шымкент қалаларымен іргелес аймақтардағы диқандардың мол мүмкіндігі бар. Осы орайда Ақмола облысын үлгі ретінде айтуға болады. Бұл аймақ елорданың «азық-түлік белдеуі» деген атқа лайық екенін дәлелдеді. Биыл облыстың ауыл шаруашылығындағы жалпы өнімі екі есе өскен. Бұл – өте жақсы нәтиже. Сондықтан ауқымды ішкі нарығы бар қалалармен шектесетін басқа да аймақтар осы бағытта белсенді жұмыс істеуі керек. Қазақстанда сан түрлі азық-түлік өнімі шығарылады, - деді Мемлекет басшысы.
Президент халық өз өнімдерімізді көбірек сатып алу үшін оны елге танытып, кеңінен насихаттау керектігін айтты.
«Халқымыздың 40 пайызы ауылда тұратынын білесіздер. Агроөнеркәсіп кешені бүкіл елдің, әсіресе, ауыл тұрғындарының тұрмыс сапасына тікелей әсер етеді. Сол себепті мен ауылды өркендету ісіне айрықша мән беремін. Бұған сайлау алдындағы тұғырнамада ерекше назар аудардым. Президент сайлауынан кейін алғашқы Жарлығым ауылды дамытуға арналды, - деді Мемлекет басшысы.
Мемлекет басшысы Үкіметке берген тапсырмасы бойынша бес жылды қамтитын тұжырымдама қабылдағанын айттып өтті.
«Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы әзірленіп, жүзеге асырылып жатыр.Қазірдің өзінде нақты нәтиже бар. Биыл 200-ге жуық ауылға су құбырын тарту үшін қаржы бөлінді. Жыл соңына дейін ауыл халқының 95 пайыздан астамы таза сумен қамтамасыз етіледі. Ауылдағы денсаулық сақтау жүйесін жаңғырту үшін арнайы жоба қолға алынды. Бүгінге дейін 140-тан астам нысан салынды. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында биыл 13 ауыл мектебі пайдалануға берілді. Соңғы бес жылда жергілікті маңызы бар 38 мың шақырым жол жөнделді. Маңызды міндеттің бірі – ауыл халқының табысын арттыру. «Ауыл аманаты» бағдарламасы арқылы жылдық өсімі 2,5 пайыз болатын шағын несие беріле бастады. Соның нәтижесінде ауылда 16 мыңға жуық жаңа жұмыс орны ашылды. Осындай ауқымды жұмыс жалғасын табады. Себебі ауылды көркейту – стратегиялық міндет. Бұрын жабылып қалған кейбір аудандар былтыр менің тапсырмаммен қайта құрылды. Бұл – әсіресе, шеткері орналасқан елді мекендерге серпін беретін қадам, - деді Мемлекет басшысы.