«Халық әртісі» атағы қайтарылады. Өнер адамдары сүйінші сұрасып жатыр

21 Мамыр 2022, 17:29
2264
Бөлісу:
«Халық әртісі» атағы қайтарылады. Өнер адамдары сүйінші сұрасып жатыр

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін президент Қасым-Жомарт Тоқаев өнер адамдарын кәсіби мерекелерімен құттықтай келе, «Қазақстанның халық әртісі» құрметті атағын қайтару жөнінде тапсырма бергенін мәлімдеді.

Осы тұрғыда дәстүрлі әнші, ҚР еңбегі сіңген өнер қайраткері Ақан Әбдуалиевтен «Қазақстан халық әртісі» атағының маңызы жайлы сұраған едік.

Бүгін Мәдениет қызметкерлері күніне орай осы салада 30-40 жыл еңбек еткен әріптестерім әр өңірде «Мәдениет үздігі» атағын алып жатыр. Оның үстіне президент «Қазақстан халық әртісі» атағы қайтарылатынын айтып тағы бір қуантып қойды. Елімізде Халық әртісі атағын алғандар аз. Бұрын КСРО Халық әртісі болды, кейін Қазақстан Еңбегі сіңген қайраткер мен Халық әртісі шықты, оны біраз адам алып үлгерді, қалғандары ала алмады. Қазірге дейін атақтың ең үлкені «Қазақстанға еңбегі сіңген қайраткері» болатын, оны барлық сала майталмандары ала береді. Әртістер халық алдына шыққан соң көпшілік оның атағына мән береді. Бұл бір шетінен адамды жақсы қабылдауға әсер етеді,-дейді А.Әбдуалиев.

Сонымен қатар ол мұндай атақтар өнер адамдарын қанаттандыру үшін септігін тигізетінін айтты.

Бүгін өнерде жүрген адамдармен хабарласып, сөйлестім. Барлығы қуанып, бір-бірінен сүйінші сұрасып жатыр. Әріптестеріме құтты болсын дегім келеді. Бұл атақ қайта берілетініне сенімдімін, өйткені президент айтқан тапсырмалар іске асып жатқанын көріп отырмыз. Бұл жан-жақты қаралып барып Жарлыққа ұсынылатын шығар,-деді ол.
 

Өзгелердің жаңалығы