Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Елімізде қыркүйек айынан бері онлайн халық санағы жүріп жатқаны белгілі. Қазаннан бастап ресми интервьюерлер үй-үйді аралап, санақтан өткендерді тіркеуге алады. Үйіңізге келген адамның интервьюер не алаяқ екенін қалай анықтауға болады.
Бұл туралы «Халық санағы 2021» шарасының ресми өкілі Олжас Сайлаубекұлы айтып берді.
Оның айтуынша, үй-үйді аралайтын ресми интервьюерлердің арнайы логотип басылған көк сөмкесі, көк шарфысы болады. Оған қоса жеке қорғаныс заттары, яғни антисептик, маскамен қамтылған.
Ең негізгісі оның мойнында бейджигі, яғни куәлігі болады. Сол куәлігінде өзінің суреті, аты-жөні, аумақтық статистика басшысының қолы мен мөрі, ал жоғары жағында тіркеу нөмірі көрсетіледі. Егер үйге келген адамның интервьюер екеніне күмәндансаңыз, оның тіркеу нөмірін сұрап, sanaq.gov.kz сайтына кіріп, интервьюерді іздеу деген жолаққа нөмірін кіргізіңіз. Ол жерден интервьюер жайлы мәліметтер шығады. Сөйтіп оның нақты интервьюер екеніне көз жеткізуге болады. Болмаса 1446 нөміріне хабарласып, интервьюердің нөмірін немесе аты-жөнін айтсаңыз тексеріп береді, - дейді О. Сайлаубекұлы.Оның айтуынша, бұған дейін интервьюер ретінде үй аралаған адамдар болғаны туралы ақпарат тараған, бірақ ол ресми расталмапты.
Қыркүйекте онлайн санақ жүріп жатқанда әкімдіктенбіз деп үйге барған жағдайлар кездесіпті. Ол жайында әлеуметтік желіде жарияланды, бірақ оның рас, өтірігін білмейміз. Қыркүйек кезінде біздің интервьюерлер үй-үйді аралаған жоқ, олар тек қазанда шығады. Сондықтан оған алданбаңыздар, алаяқтар болуы мүмкін деп айттық. Қазан айынан бастап интервьюерлер шыға бастады, бірақ олардың атын жамылып, алаяқтық жасаған фактілер тіркелген жоқ, - дейді ол.Қазір халық санағы бойынша итервюерлер үй-үйді аралап жүр. Сіз санақтан онлайн өтсеңіз де, үйіңізге интервьюерлер келіп, тізімге алады.
Санақтан онлайн өткенде телефоныңызға хабарлама келеді. Интервьюерге хабарламамен келген нөмірді көрсетесіз. Ол сол нөмірді өзінің планшетіне теріп, енгізеді. Сіз толтырған мәліметтерді кейін сіз де, интервьюер де өзгерте алмайды. Онлайн санақ қазанның 15-не дейін. Ал онлайн өтпегендер үйді аралайтын арнайы қызметшілерге жауап беру арқылы санақтан өте алады, оның мерзімі 30 қазанға дейін жалғасады. Санақтың бірінші кезеңі маусым айында өтті, ол кезде мекенжайды нақтылау іске асырылды. Қазіргі интервьюерлер үйде қанша азамат барын нақтылайды. Мәселен, кейбір үй тіркеуде жоқ. Салынып біткен, бірақ әлі тіркелмеген дегендей. Интервьюерлер соларды аралап, ондағы азаматтардың барлығын есепке алады. 1 қазаннан бастап 20 мыңға жуық интервьюер жұмыс істеп жатыр. Оған қоса 2693 бақылаушы инструктор деген бар. Олар интервьюерлерге қажет кезінде консультативті көмек береді және қажет кезінде солармен бірге үй аралауға шығып тұрады. Қазір қалалар күн санап өсіп, сырт жағында көптеген үй түсіп жатыр. Біздің интерьвюерлер соның бәрін қамтиды, әрқайсысына учаскелер бөлініп берілді, - дейді ресми өкіл.Үлкен қалаларда онлайн санақтан өте алмайтындар үшін «санақ бұрыштары» ашылған. Олар ХҚКО, «Қазпошта» және ірі сауда үйлері, ойын-сауық орталықтарында бар. Бұл сол жерге барған халық жол-жөнекей санақтан өтуі үшін ұйымдастырылыпты. Ол жерде арнайы консультанттар қызмет көрсетеді.
Бүгінге дейін онлайн санақтан шамамен 6,5 млн адам өткен. Айта кету керек, онлайн санақ елімізде биыл алғаш рет енгізіліп отыр, бұған дейін азаматтарды санау қағаз түрінде жүргізілетін.
Олжас Сайлаубекұлының айтуынша, онлайн санақты көрші, жақын елдер ішінде Беларусь елі алғаш енгізіпті. Олар да онлайн және барып тізімге алуды іске асырған.
Беларусь мемлекетінде онлайн санақтан өткендер 22%-ды құрады. Біздегі көрсеткіш қазір 33 пайыздан асып отыр. Біз негізі пандемияға дейін онлайн өткізуді жоспарлаған едік. Яғни, электронды жүйе бәрі жетілдіріліп, соған арнайы бапталып, жасалды, - дейді Сайлаубекұлы.