Халық әртісі кітап шығарды

10 Наурыз 2021, 17:27
2453
Бөлісу:
Халық әртісі кітап шығарды
PHOTO
Фото: автордан

Көкшетау, BAQ.KZ тілшісі. ҚР Халық әртісі Жібек Бағысова мерейлі-шуақты сексен жылдық мерейтойына орай өзінің өнер жолы жайында «Өмірлік өнер мектебім» атты кітап шығарды. Өнер майталманының кітабы «Рухани жаңғыру» жобасы аясында жарық көрді.

Қолжазбаны өңдеп, редакциялаған және құрастырған - танымал өнер жанашыры, облыстық «Рухани жаңғыру» өңірлік жобалық кеңсесінің басшысы Марал Жақыпова.

Халықтың, көрерменнің сүйіктісіне, көзайымына айналған сахна саңлағы сомдаған рөлдер тізімін кітаптың 136-шы бетінен оқуға болады. «Қазақ ССР-інің еңбек сіңірген әртісі», «Қазақ ССР-інің халық әртісі», «Парасат» ордені, көптеген медаль мен төсбелгі, атақтар кітапшаларының көшірмелері, сахнадағы ойын үстіндегі, әріптестерімен, танымал адамдармен түскен суреттері де осында. Сондай-ақ, кітапқа Жібек Бағысова туралы жергілікті қаламгерлердің өлең-жырлары, мақалалары топтастырылған.

Халық әртісі кітап шығарды

Актриса Жібек Бағысованың тек өнер жолы ғана емес, өмір жолы да кейінгі жастарға үлгі өнеге. Халық әртісі өз кітабында сахна төріндегі 60 жылдық ерен еңбегі, өнегелі өмірі, өзінің әріптестері, замандастарымен ізгі қарым-қатынасы, өнер жолындағы белестер туралы тартымды әңгімелеген. Бурабайда ата-әжесінің қолында өсіп, ат мініп, тау-тас аралап жүрген ойнақтаған еліктей ерке қыздың осында келіп «Ботагөз» фильмін түсіріп жатқан «Қазақфильм» түсіріліміне қатысуы, онда атақты Гүлфайрус Ысмайылова, Қанабек Байсейітов, Ыдырыс Ноғайбаев сияқты өнер тарландарымен танысуы, Алматыға әртіс болуды армандап аттануы, Талдықорған, Қызылорда, Астана театрларында еңбек етіп, кейін Көкшетауда қазақ драма театры ашылғанда үлкен толғаныс үстінде осында келуі, жаңа театрдың қалыптасуы, жас актерлерді баулу, Қарагөз, Әлиман, Толғанай, Қарлыға, Найман ана, Фармон биби, Герцогиня Иорская сияқты бір-біріне ұқсамайтын сан алуын күрделі рөлдерді сомдауы тамаша баяндалған, - дейді Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын Серік Жетпісқалиев.

Халық әртісі кітап шығарды

Тұсаукесер үстінде кітапқа пікір жазған ғалым, қаламгерлер, Ш.Құсайынов атындағы қазақ драма театрының көркемдік жетекшісі Қайрат Мырзаболатов, театр және кино актері Жарас Қалдаров, тағы басқа әріптестері құттықтау сөздер айттып, авторға гүл шоқтарын ұсынды.

Сексен жылдық өмірімнің аттай алпыс жылы сахнада өтіпті. Жастайымнан маған жанашыр болған, қамқор болған жаны жайсаң жақсы адамдар жанымда көп болды. Мен оларды үлгі тұттым, соларға еліктедім, солардан үйрендім. Сәтсіздікке ұшыраған сайын мойымауға, жасымауға тырыстым. Өзімнің бар екенімді сахнадағы еңбегіммен дәлелдеп бақтым. Жүріп өткен жолымды мақтан үшін жазған жоқпын. Менің тағдырым, жүріп өткен жолым, сахнадағы түрлі сәттерім, жеңілістерім мен жеңістерім өнер жолына түскен жас әртістерге сабақ болсын дедім. Тәуелсіздік жылдарының тағылымы бөлек, шабыты шалқар екені анық. Осы ұлы мақсат жолында қайтпас қайсарлық танытып, жұмыла жұмыс істеудің өзі бақыт екенін сезіндік. Кеше ғана өзім келіп керегесін құрып, уығын қадаған қара шаңырақ – қазақ театрына да 25 жыл толғалы отыр. Ендігі тілеуім – өзім жеткен биікке театрдағы жас әртіс ұл-қыздарым жетіп, халықтың сүйіспеншілігіне ие болса екен - деп зор тебіреніспен лебізін жеткізді өнер майталманы Жібек Бағысова.

Жергілікті телеарна қызметкерлері дайындаған деректі фильмінің көрсетілуі сахнаға сіңген еңбегі ұшан теңіз халық әртісінің атқарған жұмыстарымен тереңірек танысуға мүмкіндік берді.

Бұл кітаптың өнер әлеміне енді қадам басқан жас өнерпаздарға, сондай-ақ, қарапайым оқырман қауымға берері көп екені сөзсіз.



Өзгелердің жаңалығы