«Халқым менен де биік!»: Елордада Қаныш Сәтбаевтың еңселі ескерткіші бой көтерді

3 Шілде 2021, 17:43
5383
Бөлісу:
«Халқым менен де биік!»: Елордада Қаныш Сәтбаевтың еңселі ескерткіші бой көтерді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Елорданың туған күні қарсаңында қазақтың атақты ғалымы, академик Қаныш Сәтбаевтың ескерткіші бой көтерді.

Ескерткіш Нұр-Сұлтан қаласындағы Сәтбаев және Қажымұқан көшелерінің қиылысында орнатылды.

Павлодар облысы астанаға сыйға тартатын ескерткіштің авторы – белгілі мүсінші Асқар Нартов. Ескерткіштің тұғырына ғалымның «Халқым менен де биік!» деген Англияға барған сапары кезінде айтқан сөзі жазылған.

Ескерткіштің ашылу салтанатына мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаев қатысты.

Өз елінің қара тасын мақтан ете алмаған, өзге жердің алтынын да мақтап жарытпақ емес» деген екен Қаныш Сәтбаев. Осы ойға салсақ, халқы Қанышын қал-қадірінше ардақтап, есімін ұлықтап келеді. Ғұлама ғалымның атына бұған дейін қала, көше атауларының берілуі – соның айғағы. Кешегі Қазақ тау-кен-металлургия институтының бүгінде Қ.И.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университеті аталуы да зор мәртебе. Бұл – ұлтының ұлы перзентіне көрсеткен құрметінің бір парасы ғана, – деді Қырымбек Көшербаев.

Архитектор Саматбек Бөкебайдың айтуынша, ескерткішті орнатуға Павлодар облысының әкімдігі бастамашылық еткен. Бірақ облыстың әкімдігі қаржы бөлініп үлгермеген. Сондықтан демеушілердің қаржысымен тұрғызылған.
Басында 11 метр деп едік, кейіннен биіктігін 15 метрге дейін көтергіміз келген. Өйткені Қаныш атамыздың атында планетаға дейін бар. Сондықтан биік болғанын қаладық. Ол кісінің Уинстон Черчилль мырзаға «Халқым менен де биік!» деп айтқан сөзі бар. Дегенмен, келген қонақтардың суретке түсуін, басқа факторларды ескере отырып, 12,5 метрге тоқталдық. Мұның өзі астанадағы көп ескерткіштен биік. Ескерткіштің салмағы – 4,9 тонна, - дейді архитектор Саматбек Бөкебай.
Өзгелердің жаңалығы